5 жасар балақай мульфильмің арқасында анасын ажалдан аман алып қалды
30 жастағы Джемма Харрис өз үйіндегі баспалдақтан құлап, басынан қатты соққы алып ес-түссіз күйде қалған. Ал көзін ашқан кезде оның бес жасар ұлы Альфи ұялы телефон арқылы жедел жәрдем шақырып жатыпты.
Бұл туралы Daily Mail хабарлайды.
Балақай жедел жәрдем шақыруды өзінің сүйікті мультфильмі арқылы үйреніпті. Ондағы Сэм есімді кейіпкердің әрекеті баланың жадында жатталып қалыпты.
“Егер Альфи болмағанда мен не боларын да білмеймін. Мен тіпті сол кездегі күйіммен телефонға да жете алмас едім”, – дейді әйел.
Ол киіміне шалынып баспалдақтан құлаған мезетте баласының атын айғайлап үлгереді. Күйеуі жұмыста болғандықтан оған көмек қолын созатын жалғыз Альфи ғана болған. Бала анасын көрген бойда жедел жәрдем шақырып, оларға анасының сөйлемей және қозғалмай жатқанын жеткізіпті. Сосын ол өзінің мекен-жайын айтып, дәрігерді көшеден күтіп алуға кеткен.
Дәрігерлер Джемманы Линкольн графтығындағы ауруханаға апарады. Бірақ, ауыр жарақат алмағандықтан бірнеше сағаттан кейін шығарған.