Мүлік бөлісу кезінде күйеуінің шетелдік шотын әшкерелемек болған қазақстандық әйел өзі 116 млн теңге төлеуге міндеттелді

Бұрынғы күйеуінің шотында миллиондар барын көргенін айтқан Айгүл Шалқарбекова сотта оны дәлелдей алмай, керісінше өзі қомақты қарызға батты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Atameken Business" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы тұрғыны, төрт баланың анасы Айгүл Шалқарбекова бұрынғы жұбайымен мүлік бөлісу ісінде сот шешімінен кейін оған 116 миллион теңге қарыз болып қалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, балаларының үшеуі кәмелетке толмаған.
Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Айгүл банктер бұрынғы күйеуінің есепшоттары туралы ақпарат беруден бас тартқаннан кейін Конституциялық сотқа жүгінген. Мәселе ортақ мүлікті, соның ішінде жинақтарды бөлуге қатысты болған.
Айгүлдің сөзінше, ол бұрынғы күйеуінің есепшотында ірі көлемдегі қаражат барын жеке өзі көрген:
"Шамамен 166 миллион теңге болған. Депозитте 40 мың доллардай, ал акцияларда 200 мың доллар шамасында қаражат тұрған. Менің талап-арызым осы активтерді тең бөлуді сұрауға бағытталды", – дейді ол.
Алайда сот процесі ұзаққа созылған. Судья банктерден есепшоттағы қаржы қозғалысы туралы ақпарат сұратқанымен, жауап кешігіп келген. Соның салдарынан бұл деректер сот шешіміне енгізілмей қалған.
"Сот тек үйді ғана бөліп, есепшоттардағы қаражатты есепке алмады", – дейді Айгүл.
Бұл мәселеге қатысты Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов та пікір білдірді. Оның айтуынша, банктік құпия тек заңда көрсетілген жағдайларда ғана ашылады.
"Банктік құпия бақылау шаралары кезінде, арнайы рұқсатпен және заң нормаларына сәйкес ғана беріледі", – деді қаржы вице-министрі.
Қазір Айгүл апелляциялық сот шешімімен келіспей, кассациялық сотқа жүгінуге ниетті. Оның ісі Қазақстандағы банктік құпия мен мүлікті бөлу мәселесіне қатысты маңызды құқықтық және этикалық сұрақтарды көтеріп отыр.
- Қазақстандық әйел күйеуінің шотында қанша қаржы барын білу үшін сотқа жүгінді
- Қазақстандық әйел бөтен отбасының ажырасу салдарынан үйі мен көлігінен айырылып қалды
Еске салайық, бұған дейін Конституциялық сот шешіміне сәйкес, ерлі-зайыптылар бір-бірінің банк есепшоттарын өз бетінше тексере алмайтынын жаздық. Қазақстанда ерлі-зайыптылар бір-бірінің банк есепшоттары туралы ақпаратты өз бетінше ала алмайды. Конституциялық сот бұл норманы Конституцияға сәйкес деп таныды. Іске қазақстандық әйелдің шағымы себеп болды: ол ажырасқаннан кейін бұрынғы күйеуінің банктегі қаражаты туралы мәлімет ала алмаған. Банктер мұны банктік құпиямен түсіндіріп, ақпарат беруден бас тартқан, ал сот та бұл шешімді қолдаған. Конституциялық соттың ұстанымы бойынша банктік құпия – әр адамның жеке конституциялық құқығы, ол адам некеде болса да, болмаса да сақталады, жұбайлардың мүліктік теңдігі жеке өмір құпиясын бұзуға негіз болмайды деп түсіндірді.
"Өзін құрбан ету үшін "айналайын" деп дауыстаған": Қазақтың қандай салт-дәстүрі мен ұғымдары ұмыт болды