Мүгедек балаларға жиналған ақшаны қалтасына басқан: Ақтөбеде қайырымдылық қор басшысы сотталды
Ақтөбеде қайырымдылыққа деп жиналған 44 млн теңгеге жуық қаржыны иемденген "More Life" қоғамдық қорының директоры сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан алынды
Сотталушы 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Ақтөбе қаласының № 2 сотында "More Life" қоғамдық қорының директоры Бибігүл Жулинаға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, "More Life" қоғамдық қорының директоры 2022-2024 жылдар аралығында науқас балалардың ата-аналарының шоттарына түскен ақшалай қаражатты өзіне иемденген.
Шығын көлемі 43 889 429 теңге болды. Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындамады. Тіпті жауап беруден бас тартты.
Семейде белгісіз топ қоғамдық қордың атын жамылып, адамдардан ақша бопсалаған
"Жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтары, банктік шоттардан алынған көшірме сотталушының кәнісін дәлелдеді. Сот сотталушыны кінәлі деп танып, 10 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушілердің материалдық залал сомасын өндіріп алу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", — деп хабарлады Ақтөбе қаласы № 2 сотының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, осыған дейін ауыр дертке шалдыққан балалардың еміне ақша жинаған "MoreLife” қайырымдылық қорына қатысты сот басталғаны туралы жазғанбыз.