"Мойнына жіп байлап, көміп кеткен": Алматы облысында 4 адам ломбард қызметкерін азаптап өлтірді
Алматы облысында ломбард қызметкерін азаптап өлтірді деген төрт күдікті ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скрин
Полицияның мәліметінше, күдіктілер марқұмды алдымен буындырып, кейін қылмыстарын жасыру үшін мәйітті көміп тастаған.
Оқиға Алматы іргесіндегі Көлащы ауылында болған. 51 жастағы азаматқа жақындары бір апта бойы іздеу салған. Үйінен кешкі уақытта шығып, содан ұшты-күйлі жоғалған ер адам қаладағы ломбардтардың бірінде бағалаушы қызметін атқарыпты. Жақындарының айтуынша, жолда оған бірнеше апта бұрын құнды затын өткізген азамат кездесіп, жеткізіп тастауға ұсыныс білдірген. Марқұм көлікке отырмай жатып әлдекімдер оны соққыға жығып, күштеп алып кеткен көрінеді. Оның денесі ауыл шетіндегі егістік алқабынан табылған.
Полиция ер адамды өлтірді деген күдікпен төрт адамның ұсталғанын мәлімдеді.
“Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында 9 қарашада криминалдық полиция қызметкерлері төрт күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қазір қылмыстың барлық жағдайы мен себептерін объективті зерттеуге бағытталған қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – деді Алматы облысы ПД КПБ бастығы міндетін атқарушы Нұржан Кеңесханұлы.
Еске салсақ, бұған дейін Таразда жалдамалы пәтерде екі әйелді өлтірген күдікті ұсталғаны туралы жазған едік.