Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тегін бір айлық тұраққа "йе" болыңыз" – Сауда орталығының әкімшілік бөлімі қате жарнамаға жауап берді

Алматыдағы “Москва” сауда орталығының Led экранындағы жарнамада “йе” деп қате жазылып кеткен. Stan.kz тілшісі жарнама бөліміне хабарласып, неліктен мұндай қате жібергенін сұрап көрді.

Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген / "Москва" сауда орталығының жарнамасы

Жарнаманың орысшасында “месяц бесплатной парковки” деп жазылған. Осы сөз қазақшаға “тегін бір айлық тұраққа “йе” болыңыз деп аударылған. Бір қарағанда дұрыс аударма секілді. Алайда қазақ тілінде “ие” деп жазылады. Себебі мұнда басы түртілген “й” дыбысы орфографиялық заңдылыққа бағынбай тұр. 

Сауда кешеніндегі жарнама бөлімінің басшысы Ербол мырза қате жарнамаға қатысты пікір білдірді.

“Ол 3D ролик. Led экрандағы жарнама екі көшеге қарап тұрғандықтан сәл қиылып көрсетілуі мүмкін.  Біз қазір тексереміз және қате болса өзгертеміз. Бірден түзеуге тырысамыз” – деп жауап берді жарнама бөлімінің басшысы.

Бірнеше уақыт өткеннен кейін ол жарнаманың бүгін түзелетінін айтты.

Еске салайық, Stan.kz ақпарат агенттігі 24 мамырда республикалық онлайн диктант өткізеді. Осылайша біз қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесіне жіті көңіл бөлгіміз келеді. Осы ретте енді біз қала көшелеріне шығып, стендтер мен билбордтардағы, жарнама беттеріндегі қазақша жазулардың дұрыс жазылуын тексереміз, қателерін анықтаймыз. Қай жері қате және оны қалай түзеуге болатынын қарастырамыз. Қала көшелерінде, аудан орталықтарында қазақша қате жазылған тіркестерді бізге жіберу арқылы, шараға сіз де атсалыса аласыз!  Қатені фото-видеоға түсіріп, біздің Instagram-ға жіберіңіз.

Талқылау