"Modern Trading Solutions" тауар биржасының басшылығы көмір сатып, заңсыз 2 млрд теңге табыс тапқан
"Modern Trading Solutions" тауарлық биржасының басшылығы биржалық сауданың негізгі қағидаларын бұзып, Шубаркөл кен орнынан көмірді тек заңсыз материалдық сыйақы төлеген тұлғаларға сатқан. Қаржы мониторинг агенттігі биржаның жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Рexels.com
Агенттіктің мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көмірді саудагер сауда биржалары арқылы бәсекелестікті дамытуға, делдалдарсыз, оның әділ бағасын қалыптастыруға ықпал жасауға тиіс болған.
“Сонымен қатар "Modern Trading Solutions" тауар биржасының басшылығы 23 брокерлік компанияны туыстары мен сенімді тұлғаларының атына тіркеп, өздерінің жұмысын көмір саудасына тек ұдайы ақшалай сыйақы беретін адамдарды жіберетіндей етіп ұйымдастырған. Олай болмаған жағдайда аккредитация мерзімін созып, келісімшартқа қол қоймаай, саудаға қолжетімділігін шектеп, олардың нәтижелерін жойып кәсіпкерлерге саудаға қатысуға жол бермеген”, – делінген хабарламада.
Ведомство бұл жағдайдың әсіресе жылыту маусымы алдында көптеген арыз-шағымдар мен әлеуметтік шиеленіске әкеліп соққанын айтты.
“Қылмыстық топтың жыл сайынғы кірісі 2 млрд теңгеден асқан, оны өздеріне қарасты компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Сауда биржасының үш басшысына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, ал тағы біреуіне осындай шарамен қатар іздеу жарияланды”, – деп мәлімдеді қаржы мониторинг агенттігі.