Мобильдік аударымдарды тексеру шегі көтерілуі мүмкін бе - Қаржы министрі түсіндірді
Қаржы министрі Мади Такиев қазақстандықтардың мобильдік аударымдарын тексеруге қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: uralskweek.kz
“Мобильдік аударымдарды тексеру шегін көтеріп, 1,5 млн теңгеден бастап бақылау жүргізуді немесе мобильдік аударымдарды тексеруден мүлдем бас тарту жоспарланып отырған жоқ па?”, деп сұрады тілші үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
“Қазір Кәсіпкерлік кодексте кәсіпкер ретінде тіркелу үшін жылына 12 ең төменгі жалақы мөлшері, яғни 85 мың теңге түсіп тұру керек. Мобильдік аударымдар бойынша біз екі талапты негізге аламыз - сома 255 мың теңгеден артық болса және сол азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе”, - деп жауап берді Такиев.
Шенеуніктің айтуынша, осының арқасында кәсіпкерлер көлеңкеден шығарылған, ведомство бұл жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр.
"Бізде мұндай жағдай ешқашан болған емес. Қазір жағдай тұрақталды, банктермен жұмыс жүргізілді, адамдар қайтадан мобильдік аударымдарға көшіп жатыр. Қаңтар айында бізде 75 мыңға жуық жеке кәсіпкер тіркелген. Ақпан айында, шамамен, 70 мың болды. Яғни, заңдастыру және адамдарды көлеңкеден шығару жүзеге асып жатыр. Біз жұмысты жалғастырамыз", - деді министр.
Тексеру шегін арттыруды жоспарлап отыр ма деген сұраққа Такиев: "255 мың теңгеден астам қаражат - үш айдағы сома. Егер жылына ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен көп табыс тапса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Заң бойынша солай" деп жауап берді.
Айта кетсек, бұған дейін мобильді аударымдар арқылы үш айда 255 мың теңгеден астам қаржы қабылдағандар салық органының бақылауына алынатыны айтылған еді. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 255 мың теңге және одан жоғары мобильді аударымдар неліктен бақылауға алынатынын түсіндірді.