Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық мобильді операторлар тариф құнын келісіп 20% көтерді деп айыпталды

Видеодан скрин

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Қазақстанның ұялы телефон операторлары Altel, Tele2 және Beeline ұялы телефонның абонент төлемін 20% өсіретінін айтып, оларға тексеру жүргізуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Төрағасы Марат Омаровқа депутаттық сауал жолдап, ұялы байланыс нарығында бәсекелестікті арттыру қажет екенін сөз етті.

"Таяуда Қазақстанның ұялы телефон операторлары – Altel, Tele2 и Beeline ұялы телефонның абонент төлемін 20 пайыз өсіретінін мәлімдеді. Яғни, аталған операторлар интернеттің де тарифін 20 пайыз өсіреді деген сөз. Сөз емес, солай ашық мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым "Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – қоғам алдындағы парыз" екенін жиі айтады. Алайда ұялы байланыс нарығындағы алпауыттардың тірлігі бұл ұстанымға мүлде қайшы.

Расында, елдегі телоператорлардың бұл қадамы – миллиондаған қазақстандықтың қалтасына салмақ салатын шешім. Өйткені бүгінде телефон мен интернет – халықтың ақпаратқа қол жеткізуі, жұмыспен қамтылуы, кәсіп жүргізуі, баланың білім алуы, мемлекетпен байланыс орнатуы үшін ең маңызды құрал. Яғни тарифтің көтерілуі қарапайым отбасылардың бюджетіне ғана емес, олардың өмір сүру сапасына қол сұғу деп бағалауға тура келеді", – деді ол.

Әшімжанов осы ақпарат шыққалы еліміздің әр өңірінен сайлаушылар хабарласып, әлеуметтік желілерде, қабылдау бөлмелерінде өздерінің шағымдарын білдіріп, "Күнкөріс қиындап тұрғанда, неге байланыс та қымбаттауға тиіс?", "Неге баға бір мезетте көтерілді?" деген заңды сауалдар қойып жатқанын айтады.

"Ең қызығы – үш ірі оператордың тарифтерді бірдей көлемде, бір уақытта қымбаттатуы қоғамда үлкен күмән тудырып отыр. Бұл – компаниялар арасындағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің, астыртын ақылдасудың белгісі емес пе? "Байтал түгіл бас қайғы" дегендей, осындай қадамдардан кейін "Қолжетімді интернет" Ұлттық жобасын ойлаудың өзі мұң болып қалды. Әдетте бәсекелі нарықта әр оператор өз стратегиясын бөлек-бөлек жасайды. Бірі бағаны төмендетеді, бірі акция жасайды, енді бірі қосымша қызмет ұсынады. Бұл жағдай – қарапайым тұтынушылардың құқығын таптау деп есептейміз. Себебі баға өседі, бірақ нарықта балама оператор жоқ, яғни тұтынушы таңдау мүмкіндігінен айырылады. Салдарынан абоненттерге бажсыз (жай ғана бағаны келісіп көтеру арқылы) жоғары ақы төлеу міндеттеледі", – деді депутат.

Оның айтуынша, дәл қазір қоғамда операторлар нарықтағы өзінің үстемдігін пайдалана отырып, монополиялық келісім жасауы ықтимал деген пікір өрттей қаулап тұр.



Сондықтан депутаттар мынадай шаралар қабылдауды ұсынды.

"Интернетті жеткізу, тарату секторларын монополиялық келісім фактілері бағытында кешенді тексеру жүргізу қажет. Үкімет ұялы байланыс нарығын монополиядан арылту шараларын қолға алуы керек. Бұл ретте, мемлекетің қауіпсіздігі мен тұтынушылар мүддесі бірінші кезекте ескерілуге тиіс. Ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыру үшін мүлдем мобильді интернеті жоқ ауылдарға желіні жеткізу, нақты жол картасын даярлау керек. Аталған компаниялар өздерінің ұялы телефон интернет нарығындағы үстем жағдайын пайдалан отырып, өзара баға жөніндегі келісімнің бар-жоқтығын анықтау керек. Аталған компаниялар ұялы телефон, интернет нарығына заңсыз ерекше құқықа ие. Бұл ерекше құқықты бұзу үшін осы нарықтағы басқа қатысушыларды енгізу қажет, яғни бәсекелестікті арттыру керек. Шаралар президент Тоқаев атап өткендей "бағаны тұрақтандырудың" басты факторы болады", – дейді халық қалаулысы.

Рая Мінәп
Сәрсенбі, 10 Желтоқсан, 2025 15:18