Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Митингіге қатысқанына сенбеймін": Жақындары мұғалім Өркен Ерзатты уақытша ұстау изоляторынан шығаруды сұрайды

Мұғалім Өркен Ерзат қаңтардың басында өткен тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікке ілінген. Өркеннің жақындары мұғалімнің негізсіз тұтқындалғанын айтып, полиция арыз жазған. Ішкі істер министрлігінде мәлімдегендей, қазір полицейлерге қатысты құқық бұзушылықтар жөнінде 90 арыз келіп түскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап. 

Өркен Ерзат

22 жастағы колледж мұғалімі Өркен Ерзаттың уақытша ұстау изоляторына қамалғанына 11 күн болған. Жақындарының сөзінше, жігіт қаладағы тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікке ілінген. Алайда Өркеннің бұзақылар мен лаңкестер арасында болмағанын айтады.

"Тәртіпсіздіктерге қатысты дегенге сенбеймін, мен оны жақсы білемін ғой. Мұндай әрекеттерге бармайды. Тұйық, мейірімді адам еді. Оны аман-қайтаруды талап етемін", – деп бөлісті Өркен Ерзаттың анасы Күлмария Нұрахымбек. 

5 қаңтар күні, тәртіпсіздіктер мен антитеррорлық операциялар басталғанда, Өркен туыстарының үйіне кетпекші болған. Алайда автобустар мен көліктер мүлде жүрмеген. Ғаламтор болмағандықтан, онлайын аударымдар жасай алмаған. Осы кезде банкоматтан ақша шешпек болған Өркен аяғынан оқ жарақатын алған дейді туыстары. 

Жарақаттан кейін Өркен Ерзатты ауруханаға жеткізіп, ота жасаған. Ауруханадан жақындары шығарып алған, бірақ көп ұзамай полицей келіп алып кеткен. 

"13 қаңтарда бізге полиция келіп, бауырымды алып кетті. Бірнеше сағатқа деп айтқан, бірақ 11 күн өтті. Оның жағдайы туралы ешқандай ақпарат жоқ, уайымдап отырмыз. Анам үнемі жылайды. 25 қаңтарда қорғаушымен бірге Өркенмен кзедесуіміз керек. Бауырымды ұрып жатқанына сенімдімін", – деді Өркеннің әпкесі Ардақ Ерзат. 

Қазір бұл іс қалалық прокуратураның бақылауына алынған. ІІМ-де әр қайсысын жеке тексеріп жатқанын мәлімдеді. Егер құқық қорғау органдарының кінәсі анықталса, қылмыстық жауапқа тартылады. 

"ІІМ тұрғындарға қатысты күш қолдану мәселесін тексеруде. Әр дерек бейне бақылау камерасындағы жазбалар арқылы, соның ішінде полиция ғимараты мен қоғамдық орындардағы камералар негізінде зерттеледі", – деп хабарлады ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Талқылау