“Miss Universe” ұйымдастырушылары байқаудың жеңімпазы Фатима Бошты сотқа берді
Фото: https://www.instagram.com/missuniverse
“Miss Universe” халықаралық сұлулық байқауының ұйымдастырушылары “Әлемнің ең сұлу аруы” деп танылған мексикалық Фатима Бошқа қарсы сотқа шағым түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Thaiger-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Ұйымдастырушылардың шағым түсіруіне Фатиманың байқау аясында болған жанжал туралы сұхбаты себеп болған. 4 қарашада Таиландтағы “Miss Universe” бөлімшесінің вице-президенті Нарат Итсарагрисил Мексика өкіліне дауыс көтеріп, міндетті іс-шараларды жіберіп алғаны және демеушілердің суреттерін әлеуметтік желіде жарияламағаны үшін айып таққан. Бош өз жағдайын түсіндіруге тырысқанда, ол сөзін бөліп, “ақымақ” деп балағаттаған. Бұл оқиғадан кейін Фатима залдан шығып кеткен.
Ал байқау ұйымдастырушылары Нарат Итсарагрисил мұндай сөз айтпағанын мәлімдеп, Фатима Боштың әлі күнге дейін бұл оқиғаны ашық айтып, бұған дейінгі мәлімдемесін теріске шығармағанын алға тартты.
12 қарашада Нарат Итсарагрисил полицияға арыз жазып, өзіне жала жабу арқылы абыройын түсірді деп есептейтінін жеткізді. Қазіргі уақытта ұйымның заңгерлері сотқа ресми талап-арыз дайындаған.
Айта кетейік, “Miss Universe” сұлулық байқауының биылғы маусымында үлкен дау шыққан еді. Бангкоктағы қатысушылар орналасқан қонақүйде жоғары лауазымды ұйымдастырушы “Мисс Мексика” атағын иеленген бойжеткенді көпшілік алдында қорлаған. Осы оқиғадан кейін өзге қатысушылар наразылық білдіріп, залдан шығып кеткен.
Жанжалдың сәті түсірілген видеолар әлеуметтік желіде тез тарап, қызу талқыға түсті. Көпшілік бұл сәтті “Miss Universe” тарихындағы ең батыл әрекет” деп атады.
Еске салайық, “Miss Universe – 2025” сұлулық байқауына Қазақстан атынан Дана Алмасова қатысты. Байқау барысында қазақстандықтар Данаға ерекше қолдау білдіріп, дауыс беру арқылы бірнеше номинацияның алғашқы бестігіне ілігуіне атсалысты.
Алматы әкімдігі тұрғындардың наразылығын тудырған эстакадаға қатысты суретке түсініктеме берді