“Мисс Қазақстан” байқауының қатысушылары: еліміздің ең сұлуы аруы атағына кім лайық (фото)
“Мисс Қазақстан – 2016” байқауының қатысушылары белгілі болды. Аталған байқауға 25 бойжеткен қатысады. Олардың ең кішісі 16 жаста. Ал кешті Динара Сәтжан мен Сүндет Байғожин жүргізеді.
Фото: әлеуметтік желілерден алынды
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Биыл байқауға 20 жыл толды. Оның финалы 10 желтоқсан күні Бейбітшілік пен келісім сарайында өтеді. Әзірге аталған байқаудың қатысушыларымен таныс болыңыздар.
1. Елназ Нұрсейітова. 18 жастағы ару “Мисс Астана – 2016” байқауының жеңімпазы. Технология және бизнес университетінің студенті. Баскетбол, волейбол, армрестлинг сынды бірнеше спорт түрімен шұғылданады.
“Достар, өздеріңді осылай атау құқығын иеленгім келіп тұр. Себебі, байқау барысында әрқайсыңыздың қолдауларыңызды сезіндім. Құттықтауларыңыз бен жүрекжарды тілектеріңіз үшін алғысым шексіз. Жеңіске жетуіме сіздердің махаббатқа толы энергияларыңыз әсер етті. Бұл менің ғана жеңісім емес, маған қолдау білдірген адамдардың да жеңісі. Мені шенеуніктің қызы, тәжді сатып алды дегендерге айтарым бар. Мен қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Әкем – инженер, анам – ұстаз. Оларға берген тәрбиелері мен сыйлаған өмірлері үшін алғысым шексіз”, – дейді ару.
2. Далида Наукенова. 24 жастағы бойжеткен Алматы қаласының намысын қорғайды. Мамандығы бойынша қаржыгер. Самбо спортынан Қазақстанның күміс жүлде иегері. Дастан Оразбеков жетекшілік ететін Turkiss тобының әншісі. Ол 2014 жылы өткен “Қазақ аруы – 2014” байқауында Павлодар қаласының намысын қорғаған болатын.
“Уақыт келген сияқты… Өздеріңіз білетіндей, жуырда бірнеше ай бойы Астана қаласында тұратын боламын. Енді Астанаға келуімнің басты себебін айтайын. Мен “Мисс Қазақстан” республикалық байқауына қатысамын. Аталған байқауда туған қалам Алматымның намысын қорғаймын. Мұнымен қатар, менің басты арманым орындалды. Бұл тек жеке басыма қатысты. Бірақ барлығын сәл кейінірек айтып беремін! Әзірге маған сәттілік тілеулеріңізді сұраймын”, – дейді Далида Наукенова.
3. Мария Пятина. 17 жастағы ару Қарағанды қаласының атынан қатысады. Сурет өнері мектебін тәмамдаған. Бос уақытында бимен айналысады.
4. Аруна Сағатбекова. 16 жастағы бойжеткен Талдықорған қаласының намысын қорғайды. №5 мектеп-лицейде білім алып жатыр. Бұған дейін музыка мектебін тәмамдаған. Бос уақытында ән салып, фортепианода ойнағанды ұнатады.
5. Кәмиля Әсілова. 18 жастағы сұлу Алматы қаласының атынан қатысады. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде “хореограф” мамандығы бойынша білім алған. “Маған өмір мен сұлулықты тарту еткен ата-анама алғысым шексіз”, – дейді бойжеткен.
6. Екатерина Цыганкова. 24 жастағы Катя “Мисс Петропавл – 2016” байқауының жеңімпазы. Графикалық дизайн саласында білім алған. Қару-жарақ ұстап, атқа мінгенді ұнатады.
7. Айтгүл Нұрманова. 19 жастағы ару Қостанай қаласының тумасы. ЕҰУ-де халықаралық қатынастар факультетінде білім алып жатыр. Бүгінде бірнеше тілді жетік меңгерген.
8. Айман Назенғалиева. 18 жастағы бойжеткен “Мисс Instagram” байқауының финалисі. Атыраудағы Дүтбаев атындағы гуманитарлық колледжінің студенті. Өлең шығарады. “Поэзия – нəзіктігі соншалық, сызат түссе жазылуы қиын, жалын боп жанса, сөнуі қиын дүние. Әйгілі араб ақыны Әл-Мутанаббидің мына бір сөздерін үнемі жадымда ұстаймын: Жақсы адамдарға үнемі жомарттық танытсаң, олардың жақсы қасиетін өз бойыңа сіңіресің. Ал жаман адамға жақсылық жасасаң, ол даңдайсып кетеді”, – дейді ол. Бұл бойжеткеннің өмірлік ұстанымдарының бірі болса керек.
9. Анастасия Усольцева. 18 жастағы қыз “Мисс Өскемен – 2016” байқауының жеңімпазы. Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжде білім алып жатыр. Бос уақытында сурет салып, гимнастикамен айналысқанды ұнатады.
10. Гүлжан Дәулетова. 19 жастағы ару “Алматы менеджмент университетінің студенті. Латынамерикалық бимен, йогамен айналысады. Бүгінде бірнеше тілді қатар меңгерген. “I2mar” тобының әншісі.
11. Екатерина Подгородецкая. “Мисс Астана – 2016” байқауының екінші орын иеленушісі. Экономика, қаржы және халықаралық сауда қазақ университетінің студенті. Домбыра шертіп, бос уақытында вокалмен айналысады.
12. Тоғжан Бекжігітова. 20 жастағы сұлу “Мисс Шымкент – 2016” байқауының жеңімпазы. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті. Бүгіні таңда аталған ЖОО-да жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша білім алып жатыр.
13. Бекайым Жорабекова. “Мисс Астана – 2016” байқауының “Бірінші вице-мисс” аталымының жеңімпазы. 21 жастағы бойжеткен Литва университеттерінің бірінде білім алып жатыр. “Айару” тобының әншісі.
14. Айнұр Шаймарданнова. 18 жастағы ару “Мисс Орал – 2016” байқауының жеңімпазы. ШҚО Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университеттің студенті. Ұлттық бимен және спортпен шұғылданады.
15. Қымбат Бертай. 21 жастағы ару “Мисс Тараз – 2016” байқауының жеңімпазы. Тараз мемлекеттік педагогика институтында “физика” мамандығы бойынша білім алып жатыр. “Адамдарға мейірімділігіңді сыйлаудан артық бақыт жоқ шығар”, – дейді ол.
16. Гүлбану Әзімханова. 18 жастағы ару “Мисс Қызылорда – 2016” байқауының жеңімпазы. Болашақ медицина саласының маманы.
17. Айзат Қожабаева. 21 жастағы ару Павлодар қаласының атынан қатысады. Сұлтан Торайғыров атындағы университетте білім алған. Облыстық телеарнада жұмыс істейді. Таңертеңгілік бағдарламаны жүргізеді. “Кеше 25 әсем арумен арнайы мектеп интернаттың қонағы болып қайттық. Балдырғандардың өмір сүруге, сауығып кетуге деген ынталарын көріп жүрек-бауырым елжіреп кетті. Көрсеткен қойылымдары, айтқан әндері, қолдан жасаған бұйымдары таңдай қақтырады.
Кейбір жандар қателесіп, арнайы көмекті қажет ететін балдырғандарды жандарына серік еткісі келмейді. Білесіздер ме, олар қатты қателеседі. Бұл сәбилер бізден он есе артық, олардың саналары, жандары пәк. Біздер қарбалаң тірлікте иманды, көмекке мұқтаж жандарды ұмытып та кетеміз. Жұмыс, жұмыс, жұмыс деп өмірдің басты құндылықтарын естен шығарып аламыз. Бұл сәбилер санама ерекше ой, жүрегіме қосымша нұр сыйлады… Өмірге деген көзқарасымды өзгерткен кездесу болды”, – дейді Айзат.
18. Жанзира Кәрібаева. 21 жастағы бұл бойжеткен де “Мисс Instagram” байқауының финалисі. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенті. “Халық музыкасы” факультетінде оқиды. Домбыра, жетіген, саз сырнай сынды бірнеше аспапты жетік меңгерген.
19. Кристиана Шлиммер. 17 жастағы ару Қостанай қаласының намысын қорғайды. Құрылыс колледжінде архитектура бөлімінде білім алып жатыр. Қайырымдылықпен айналысқанды ұнатады.
20. Сандина Биссен. 20 жастағы ару “Мисс Instagram” байқауының жеңімпазы. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенті. Журналистика факультетінде білім алып жатқан бойжеткен ән айтып, би билейді.
21. Ақкүміс Елемесова. 21 жастағы қыз “Мисс Атырау – 2016” байқауының жеңімпазы. Хәлел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті. Қобыз аспабын жетік меңгерген. “Әйтеуір дегенде жеттім-ау Астанаға. 4 рет ұшақ ұшу уақыты кейінге шегеріліп, ақырында пойызбен келдім. Астанадан барлықтарыңызға жалынды сәлем!” – дейді бойжеткен.
22. Данара Бекмырзаева. 16 жастағы қатысушы Семей қаласының намысын қорғайды. Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінде білім алып жатыр. Спорттың бірнеше түрімен және бимен шұғылданады.
23. Дания Күләрқанова. 17 жастағы ару Ақтөбе қаласының намысын қорғайды. Ол әзірге №11 гимназияда білім алып жатыр. Жүзуді, шаңғымен сырғанағанды және атқа мінгенді ұнатады.
24. Балқия Сазанова. 18 жаста. “Мисс – Ақтау – 2016” байқауының жеңімпазы. “Мейірбике” колледжінің студенті. Домбыра мен фортепианода ойнайды.
25. Зарина Загидуллина. 20 жастағы бойжеткен Түркістан қаласының намысын қорғайды. Қазан қаласында қаржы саласы бойынша білім алып жатыр. 2016 жылдың қыркүйек айында Батумиде өткен “Miss and Mister Planet 2016” байқауында Қазақстанның намысын қорғаған болатын. Аталған байқауда “Мисс Планета Грация – 2016” аталымын жеңіп алды.
“Бүгінгі күн маңызды оқиғаларға толы болды. Пресс-конференциядан кейін арнайы мектеп-интернатқа бет алдық. Мүмкіндіктері шектеулі бүлдіршіндердің концертін өз көздеріңізбен көргендеріңіз жөн болатын еді. Мектеп директоры тәрбиеленушілеріне білім ғана беріп қоймай, оларды еңбексүйгішттікке баулиды.
Тәрбиеленушілермен танысып жатқанымда, бір бала “Үлкен жерден келген екенсің” деді. Олардың Түркістанның тарихын біліп, оны қадір тұтатындарына ризамын. Астаналықтар игі істер жасағыларыңыз келсе, Жангелдин көшесіндегі 9-шы үйге келіңіздер. Бүгін оларды аз да болсын қуантта алдық деген үміттемін”, – дейді Зарина Загидуллина.