Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Египеттегі қазақстандық туристер елге қалай қайтарылатын болады

Қазақстан коронавирустың жаңа штамы "Омикронға" байланысты 3 желтоқсаннан бастап Египетпен әуе қатынасын тоқтатады. "Туристік Қамқор" корпоративтік қоры туристерді елге қайтару амалдары туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қор мәліметі бойынша, қазіргі уақытта Египетте 4 мыңға жуық қазақстандық турист бар.

"Олардың барлығы алдағы күндері Air Astana әуе компаниясының 23 репартация рейсімен Қазақстанға қайтарылады. Қазір Египетте жүрген азаматтарға еш алаңдауға себеп жоқ және олардан барлық санитарлық талаптарды сақтауды сұраймыз. Египеттегі жаңа жылдық турларды сатып алған туристер саяхаттайтын елді ауыстыра алады, сондай-ақ әуе қатынасы қалпына келгенге дейін қаражатты депозитке салып немесе қайтарып алуларына болады", - деді қордың баспасөз қызметі.

Билеттерді қайтару 3 ай бойы жүргізіледі.

Егер Мысырға баратын билеттерді әуе компанияларының кассаларынан немесе сайттардан сатып алған болса, жолаушыларға жұмсалған қаражат қайтарылады, деп мәлімдеді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Ал егер билетті туроператорларынан немесе билет сату қызметін көрсететін басқа да сайттан сатып алған болса, онда билетті сатқан орынға жүгінуге тура келеді.

Айта кетсек, Қазақстан "Омикрон" штамының таралуына байланысты 3 желтоқсаннан бастап Египетпен әуе қатынасын тоқтатады. Сондай-ақ Қазақстанда 3 желтоқсаннан бастап жаңа шектеу шаралары енгізіледі.

Еске салсақ, бірнеше күн бұрын ғалымдар Оңтүстік Африка Республикасында және Ботсванада коронавирустың B.1.1.529 штамы шыққанын хабарлады. Ол S-ақуызына түскенде 32 мутациясы пайда болып, ағзада тарап кетеді.

Талқылау