Мысыр жағалауында туристер мінген батискаф суға батып кетті: Қаза тапқандар бар
Қызыл теңізде, Мысырдың жағалауында, "Синдбад" атты серуендік батискаф суға батып, кем дегенде 6 адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еuronews.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: mogilev.online
Хургада айлағынан бейсенбі күні таңертең шыққан кеме жергілікті маржан рифтеріне суасты экскурсиясына бара жатқан. Жағалаудан бір шақырым қашықта белгісіз себеппен апат болып, батискаф суға кетті.
Ресейдің Бас консулдығының хабарлауынша, бортта 45 турист болған, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Барлық жолаушылар – Ресей азаматтары, олар Мысырға "Библио-Глобус" туристік компаниясының жолдамасымен келген. БАҚ олардың тізімін жариялады. Ең жас жолаушы 3 жаста, ең үлкені 62 жаста. Тізімге қарағанда, олардың арасында көптеген отбасы бар.
Қызыл теңіз провинциясының губернаторы Амр Ханафи алты ресейлік туристің қаза тапқанын растады. Қалған жолаушылар құтқарылды, бірақ 29 адам ауруханаға жатқызылды. Олардың арасында бірнеше бала бар.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, трагедияның себебі капитанның қатесінен кеменің рифке соқтығысуы болуы мүмкін. Кейбір ресейлік басылымдардың куәгерлерге сілтеме жасап хабарлауынша, кеме айлақтан алыстап үлгермей, барлық жолаушы бортқа шықпаған кезде-ақ суға батуды бастаған. Сонымен қатар жолға шығар алдында ешқандай нұсқаулық жүргізілмегені туралы да ақпарат бар.
25 метрлік "Синдбад" батискафы бірнеше жыл бойы суасты экскурсияларына пайдаланылып келген. Ол 25 метр тереңдікке дейін түсе алады. Бұл Қызыл теңізде серуендік қайықтардың қатысуымен болған алғашқы оқиға емес. Өткен жылдың қарашасында "Sea Story" туристік кемесі апатқа ұшырап, 11 адам қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған, ал 35 адам аман қалған еді.
Айта кетейік, Қазақстанның сыртқы істер министрлігінен қаза тапқан немесе зардап шеккен азаматтар бары туралы сауал жібердік.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың Аляска штатында ұшақ апатынан бір отбасы ғажайып түрде аман қалды. Ұшқыш пен екі баласы 12 сағат бойы мұз боп қатқан көл ортасында ұшақтың қанатында отырып, құтқарушыларды күткен.