Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Минус 20°C-та қаңғыбас итке жамылғы жапқан курьерді "Додо Пицца" жұмыстан қуып жіберген

Фото: Әлеуметтік желіден

Ресейдің Челябі қаласындағы пиццериялардың бірінде болған оқиға интернет қолданушыларының пікірін екіге бөлді. Курьер Михаил мейрамхана кіреберісінде тоңып тұрған қаңғыбас итті көріп, оны жамылғымен жауып қойған. Алайда көп ұзамай ол осы әрекеті үшін жұмысынан айырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Shot арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жағдай тез арада көпшілікке жария болып, әлеуметтік желіде наразылық толқынын туғызды. Даудың ортасында қызметкер мен жергілікті басшылық қана емес, сондай-ақ қызметкерлер мен клиенттер еркелетіп "Додобоня" деп атап кеткен ит те болды. Компанияның негізін қалаушы да бұл мәселені шешуге араласты.

Жаңа басшылық қызметкерлерге қаңғыбас итке көмектесуге қатаң тыйым салғанын айтып, ескерту жасаған.

"Келесі рет иттің үстін жапқан адам соның соңынан өзі де кетеді. Соңғы рет ескертіп отырмын. Көмектескіңіз келсе, үйіңізге алып кетіңіз!" – деді басқарушы.

Фото: @shot_shot

Оқиға Челябідегі "Додо Пицца" мейрамханаларының бірінің алдында болған. Курьер Михаил тоңып тұрған қаңғыбас итті байқап, оны бренд атауы бар жамылғымен жапқан. Сол сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Жаңа басқарушы бұл әрекетті еңбек тәртібін бұзу деп бағалап, соңында қызметкер жұмыстан шығарылған. Қызметкерлер мен келушілер жақсы көріп үлгерген итке "Додобоня" деген ат берілген.

Оқиға көпке белгілі болғаннан кейін компания өкілдері ресми түсініктеме берді. Олардың айтуынша, Михаилдің жұмыстан босатылуына итке көмектесуі емес, бірнеше рет ауысымға келмей қалуы себеп болған. Сонымен қатар желі басшылығы "Додобоняға" қамқорлық жасап, оны жергілікті жануарлар панасына орналастыратынын мәлімдеді.

Желі негізін қалаушы Федор Овчинников челябілік иттің тағдырына жеке жауапкершілік алатынын айтты. Ол Telegram-арнасында иттің жағдайы жақсы болатынын уәде етіп, панадан кейінгі өміріне де көмектесетінін жеткізді. Сондай-ақ ол жұртшылықты асығыс қорытынды жасамауға және пиццерия басқарушысын айыптамауға шақырып, оның жұмысының күрделі екенін атап өтті.

Овчинников компанияның жануарлар паналарына тұрақты түрде көмектесетінін де еске салды.

"Біздің компания және мен жеке өзім Челябідегі Додобоня атты қаңғысбас иттің тағдырына енді жауаптымыз. Енді оның келесі тағдыры жақсы болады. Оның алдағы өмірі қалай қалыптасатыны туралы міндетті түрде бөлісемін", – деді негізін қалаушы.

Фото: threads.com

Кейін курьердің жұмыстан босатылғаны туралы жаңалық әлеуметтік желіде тез тарап, қызу пікірталас тудырды. Көптеген келуші Михаилға қолдау білдіріп, наразылық ретінде желі мейрамханаларына бойкот жариялай бастады. 

"Бәріңізге @dodopizza жануарларға қатыгездік танытып отырғаны мәлім шығар?! Олар жігітті −20 градуста тоңып тұрған итті өздерінің брендтік компанияның жамылғысымен жауып қойғаны үшін жұмыстан шығарып жіберді.  Меніңше, осы жағдайды кеңінен жариялау керек. Мұндайды ұмытуға болмайды, оларға бойкот жариялау қажет", – деді желі қолданушысы. 

Фото: threads.com

Тағы бір оқырман курьерді қолдап, басшылықтың уәжіне күмән келтірді. 

"Қаңғыбас итке көмектескен жігіт ол пиццерияда бар болғаны 5 күн ғана жұмыс істепті. Ал басшылық оны "жүйелі түрде кешігіп жүргені үшін жұмыстан босаттық" деп жұртты сендіруге тырысқан. Егер ол небәрі 5 күн жұмыс істесе, қандай жүйелі кешігулер болуы мүмкін? Жоқ, бұл мүлде дұрыс емес. Барлық қала мен елдердегі филиалдарына толық бойкот жариялау керек деп есептеймін.  Сондай-ақ, Додоның басқа нүктелеріне кеңесім бүкіл франшизаның беделіне нұқсан келтірген басқарушы Юлия мен иесіне қарсы сотқа жүгінсін. Соның салдарынан басқа филиалдар да шығынға ұшырады", – деп ашуланды оқырмандар.

Қолданушылар шешімді қайта қарауды және жауапты басшыларды жазалауды талап етті, курьердің әрекетін тәртіп бұзу емес, адамгершілік деп санады.

"Челябідегі Воровский көшесіндегі “Додо Пицца” ғимаратының алдында Додобоня атты ит бір жарым жылдан бері өмір сүріп келеді. Қызметкерлер оны бағып, тамақтандырып, аяз күндері арнайы пледпен жылытып жүрген. Ақпанда филиалда жаңа басшылық келіп, итке қайтадан көмектескен адам жұмыстан шығарылады деп ескерткен. Соған қарамастан, курьер Михаил Додобоняны тағы да жамылғымен жауып, сол сәт камераға түсіп қалған. Бірнеше сағаттан кейін ол жұмыстан босатылып, қара тізімге енгізілген”, – деді оқырман.

Фото: threads.com

STAN.KZ
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 17:28