Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министрлік Шығыс Қазақстан облысындағы ауа сапасын газ тарту арқылы жақсартпақ

Фото: freepik.com

Энергетика министрлігі Өскемен қаласындағы экологиялық мәселелер қалай шешілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутат Ұлықбек Тұмашинов Энергетика вице-министрінен Шығыс Қазақстан облысындағы экологиялық мәселелер қалай шешілетінін сұрады. 

“Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласында ауа сапасы нашар болып отыр. Оқушылар қашықтан сабақ оқып жатыр. Шығыс Қазақстан облысын газдандыру мәселесін министрлік қалай шешпек”, – деп сұрады депутат. 

Ал Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев газдандыруға қатысты екі шешім барын айтты. 

“Негізі Солтүстік, Шығыс Қазақстан облысы өңірлерін газдандыруға қатысты екі шешім бар. Бірі, Қазақстан мен Қытай арасында келісім аясында газ құбырын біз арқылы тартады деген жоспар болған. Бірақ, екі тараптағы келісімге Қазақстанның қатысы жоқ. Олар Моңғолия арқылы газ құбырын өткізетін болды. Алайда бұл шешім әлі қаралып жатыр. Екінші шешім, Ресеймен 2027 жылдан бастап 2030 жылға дейін "Ишим-Астана" жобасын қарастырамыз. Бұл Солтүстік Қазақстан облысына қатысты. Ал Шығыс Қазақстан облысын газдандыру мәселесіне қатысты газ көлемін есептеп, ары қарай жұмыс істейміз”, – деп жауап берді вице-министр. 

Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде ауа сапасының нашарлауына байланысты оқушылардың онлайн оқу форматына ауысқаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 11:05