Министрлік пойыздарда ұялы телефонды қуаттау тегін болу керектігін айтты
Әдемі Ембергенова есімді азаматша пойыздардағы ұялы телефондарды қуаттау мәселесі бойынша министрлікке сауал тастаған.
Сурет nur.kz
Бұл туралы Игорь Лоскутов есімді фейсбук қолданушысы өз парақшасында жариялаған. Ал азаматшаның шағымының мәтіні мынадай:
“Барлық жолаушылар ұялы телефондарын қуатту үшін жолсеріктерге ақы төлейді. Егер, бұлай болатын болса онда дәретхана қолдануға, жарыққа, ыстық суға да төлейік. Мұндай құқық бұзушылықтар жолаушыларды тасымалдайтын барлық пойыздарда жалғасып келе жатыр. Мәселен, жиенім Ақтаудан Қызылордаға бару үшін үш күн №378 Маңғышлақ-Алматы пойызында 19 вагонда болды. Бұл туралы сол вагондағы өзге жолаушылардан да сұрауға болады. Бұл бір рет болып отырған жоқ”, – деп ашына айтқан өз хатында.
Өз кезегінде ҚР инвестиция және даму министрлігі де сауалға жауап берген.
“Қазақстан Республикасы Ұлттық стандартының 5.1 тармағындағы “Жолаушылар пойызындағы жолаушыларға қызмет көрсету” ережесі бойынша ұялы телефондарды қуаттау жолсерікпен келісім арқылы жолақы бағасына енгізілген кепілдікті төменгі қызмет түрі ретінде қарастырылған. Бұл арқылы электр көзіне қосылған вагондарда ұялы телефондарды қуаттау тегін болып есептеледі”, – делінген ресми жауап хатта.
Сонымен қатар, министрлік егер заң бұзушылықты байқаған жағдайда жолаушылардың ҚР Инвестиция және даму министрлігі транспорт комитетінің жағдайды талдау орталығына хабарласу керектігі айтылған. Аталған орталыққа азаматтар Salem messenger жүйесі немесе WhatsApp қосымшасы арқылы +7708088 08 00 нөміріне хабарлама жолдап шағым айта алады.