Міндетті медициналық сақтандыру қорына төленетін қос аударым қазақстандықтардың наразылығын тудыруда
Фото: freepik.com
Негізгі жұмысынан бөлек жеке кәсіпкер ретінде табыс табатын тұрғындар міндетті медициналық сақтандыру қорына аударылатын қос жарнаға қарсы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Екі жерден табыс табатын, яғни негізгі жұмысы мен жеке кәсіпкерлікті қатар алып жүрген қазақстандықтар міндетті медициналық жарнаны да екі рет төлейді. Бір жарнаны жұмыс беруші жалақыдан аударады, екіншісін жеке кәсіпкер ретінде өзі төлейді. Жұмысшылар бұл жүйенің әділетсіз екенін айтып назарылық білдіруде. Кәсіпкерлер палатасы өкілдері де оларды құптап отыр. Олар бұл санаттағы азаматтарды міндетті медициналық сақтандыруды төлеушілер қатарынан шығару керек деп есептейді.
“Кәсіпкерлерге түсетін салық жүктемесін аз да болса азайтуды ұсынып отырмыз. Бізге мұндай өтініштер негізінен білім, денсаулық сақтау, сондай-ақ қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерден келіп түседі”, – дейді кәсіпкерлер құқығын қорғау бөлімінің басшысы Алыстан Маратов.
Медициналық сақтандыру қоры өкілдері бұл норма міндетті медициналық сақтандыру туралы заңда қарастырылғанын алға тартады. Төлеуші барлық жұмыс орнынан ақша аударады, бұл ретте аударым базасы 10 ең төменгі жалақыдан, яғни 850 мың теңгеден аспауы керек.
“Жеке кәсiпкерлiк салық салудың дербес бiрлiгi болып саналады, оны салық органдары да бақылайды. Сол сияқты жұмысшылар, яғни жұмыс берушілер де міндетті төлемдер мен салықтар бойынша өз міндеттемелерін орындайды. Олар да бір жерге төлеп, екіншісіне төлемей қоя алмайды”, – дейді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми өкілі Забира Оразәлиева.
Қос аударым мәселесін мәжілісмендер де көтерген. Алайда әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ.
Депутат Ирина Смирнова әр жұмыстан жарна төлеу әділетті деп санайды.
“Адам үш жұмыста 40 сағаттан жұмыс істей алмайды. Ол бір жерде екі сағат, екінші жерде екі сағат, үшінші жерде үш сағат жұмыс істейтін шығар. Онда бәрін жинап алсақ, сол үш жерден төлегені әділетті болады. Ал белгілі бір жерде жұмыс істеп, содан кейін бос кезінде, сенбі-жексенбі күндері басқа жерде қашықтан істеп, сол жерден қандай да бір төлем алатын болса, бұл әділетсіз болар еді”, – деп санайды мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.
Қазір Мәжілісте міндетті медициналық сақтандыру туралы заңға түзетулер талқыланып жатыр. Алдын ала, өзгерістер міндетті медициналық сақтандыруға жарналарды есептеу, ұстау және аудару, сондай-ақ артық төленген сомаларды қайтару тәртібіне әсер етеді. Түзетулер қос аударым мәселесін шеше ме, жоқ па, әзірге белгісіз.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
