Міндетті чиптеуден кейін қазақстандықтар үй жануарларын далада қалдырып жатыр – Депутат
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қазақстандықтар міндетті чиптеу енгізілгеннен кейін үй жануарларын жаппай көшеде қалдырып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Мәжілісте "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасын талқылау барысында депутат Еділ Жаңбыршин елімізде қаңғыған үй жануарларына қатысты жағдайдың ушығып бара жатқанын айтты.
“2023 жылдың 1 қыркүйегінде үй жануарларының иелері оларды өз жауапкершілігіне алуы үшін чиптеуі керек болды. Нәтижесінде статистика 28 мыңға жуық ит тіркелгенін көрсетті, бір жылдан кейін олардың саны 4 мыңға дейін азайды. Ал қазір 900-ге жуығы ғана қалды. Сөйтсек адамдар үй жануарларын далаға лақтырады екен", – дейді Еділ Жаңбыршин.
Мәжілісменнің айтуынша, Қазақстан қалаларында қаңғыбас үй жануарларының саны артып келеді.
“Үй жануарларының иелеріне жауапкершілік артылған соң олар ит-мысықты көшеге лақтыра бастады. Осылайша қаңғыған ит-мысықтардың саны көбейді. Сондықтан мұның да теріс тұстары бар. Мәжбүрлеп, жауапкершілік артсақ, адамдар жануарларды көшеге лақтырады. Мұндай үрдіс бар, оған статистика дәлел”, – дейді депутат.
Осылайша ол чиптеу мәселесі тек жауапкершілікпен шешілмейтінін айтты.
Бұған дейін мәжіліс депутаттары жануарларды ұстау мерзімін азайтып, эвтаназия жасауды жеделдетуді ұсынған еді.