"Міндет емес, жүрек таңдауым": Пәкістандық азамат Абай Құнанбаевтың шығармашылығы арқылы қазақ тілін үйренген

Абай Құнанбаевтың шығармашылығы арқылы қазақ тілін үйренген пәкістандық Мұхаммад Усма Шаһид жұртты тілімен тәнті етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AltaiNews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Усма Пәкістанның Пенджаб өңіріндегі Чиниот қаласында дүниеге келген. Қазір ол жеті тілді меңгерген жас полиглот. Балалық шағы Орталық Азия елдерінде өткен. Пәкістандық студент Мұхаммад Усма Шаһид ұстаз болуды бала кезінен армандаған. Жігіт Қазақстанға қазақ тілін, мәдениетін және қазақ халқының ұлттық құндылықтарын тереңірек тану үшін келген.
“Қазақ тілін үйренуі мен үшін міндет емес, жүрек таңдауым. Қазақ халқының тарихы мен дүниетанымымен алғаш рет ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармалары арқылы таныстым. Қазақ тілі осы елдің жүрегі. Ал оны үйренуге тырысқан әр адам сол жүрекке жақындай түседі. Қазақстанға Абай арқылы қазақ тілін үйрену үшін арнайы келдім”, – деді ол.
Абайдың өмірі мен мұрасын интернет арқылы зерттегеннен кейін Усма арнайы Семей қаласына барып, жергілікті университетке оқуға түскен. Қазіргі таңда ол қазақ тілі мен әдебиетін оқып жүр. Абай өлеңдерінің түпнұсқасы күрделі болғанына қарамастан, жас студент ақын шығармашылығына үнемі қызығушылық танытып келеді.
Усма университеттің қоғамдық өміріне де белсене қатысады. Жаз айларында қабылдау комиссиясында жұмыс істеген. Сондай-ақ түрлі спорттық жарыстарда жетістіктерге жеткен. Қазақ тілін жетілдіру үшін ол кітаптар мен мақалалар оқиды. Жаңалықтарды тыңдайды және қазақ тіліндегі сериалдар мен фильмдерді тұрақты түрде көреді.
Болашақта Усма аудармашы болуды армандайды. Ол қазақ тіліндегі өлеңдер мен әңгімелерді урду және пенджаби тілдеріне аударып, қазақ әдебиетін өз елінде кеңінен насихаттауды мақсат еткен.