Миы шайқалып, бет-аузы көгерген: Ақтауда өгей әкесі 16 жастағы қызды шашынан сүйреп, көше бойында соққыға жыққан
Фото: pixabay.com
Ақтауда өгей әкесі 16 жастағы қызды соққыға жыққан. Миы шайқалып, бет-аузы көгерген қыз қазір ауруханада жатыр. Полиция "Денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабы бойынша іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия өкілдері анасы мен қызы ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық көріп келгенін анықтаған. Мамандардың айтуынша, күдікті әйелі мен өгей қызына күн көрсетпей, ұрып-соққан.
Полиция бұл жағдай бойынша "Денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабымен іс қозғап, тергеуді бастап кетті.
"Кәмелетке толмаған жасөспірім қыздың өгей әкесінен қорлық көріп, оны ұрып-соққаны туралы хабарлама келіп түсті. Көмек сұрады. Бүгін психологымыз барып қызбен сөйлесіп, оған моральдық, психологиялық қолдау көрсетті. Қыз баланың бойында әлі де қорқыныш, үрей бар", – дейді кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия мүшесі Светлана Әлібекова.
Оның айтуынша, қазір бұл іс бойынша комиссия мен полиция департаменті және облыстық прокуратура бірігіп жұмыс істеп жатыр.