Михаил Саакашвилиге тағы бір үкім шығып, жаза мерзімі 2034 жылға дейін ұзартылды
Бұған дейін бірнеше айыппен сотталған Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили шекараны заңсыз кесіп өтті деген айыппен тағы төрт жарым жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мтавари басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: rg.ru
Сот шешімі нәтижесінде Саакашвилидің жалпы түрмедегі мерзімі 2034 жылға дейін ұзартылды. Дегенмен сот отырысына бұрынғы президенттің өзі қатыспаған.
12 наурызда Саакашвили тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол 3,2 миллион доллар (1 млрд 605 млн 472 мың) бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған.
Еске салайық, Михаил Саакашвили 2004 жылдан 2013 жылға дейін екі мерзім қатарынан Грузия президенті қызметін атқарды. Ол 2013 жылы президенттік өкілеттігін аяқтаған соң Грузиядан кеткен. "Грузин арманы" жаңа үкіметі оған қарсы төрт қылмыстық іс қозғады. Олардың екеуі үшін саясаткер сырттай үш және алты жылға бас бостандығынан айырылды. Грузияның бұрынғы президентінің 2007 жылғы 7 қарашадағы наразылық шеруін тарату ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
Саакашвили Тбилисиде 2021 жылдың қазан айында Украинадан Грузияға оралғаннан кейін көп ұзамай ұсталды. Тұтқындау кезінде Саакашвили екі рет аштық жариялады және бірнеше медициналық мекемелерді ауыстырды. Өткен мамырда ол Рустав түрмесінен Тбилисидің шетіндегі көпсалалы "Вивамеди" клиникасына ауыстырылды.
Саакашвилидің жақындары мен жақтастары оның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы шетелде емделу деп санап, оның жағдайы туралы көптен бері дабыл қағып келеді.
Айта кетейік, бұған дейін Грузия президенті Саломе Зурабишвили елдің экс-президенті Михаил Саакашвилиге кешірім бермейтінін айтқан еді. Айтуынша, ол мұндай шешімді грузин халқының сезіміне сүйеніп қабылдаған.