Мейрамбек Бесбаев “Жекпе-жек” жобасын әділетсіз деп сынаған жұртқа жауап берді
Мейрамбек Бесбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған “Жұлдызды жекпе-жек” жобасы аз уақыттың ішінде көрермен көзайымына айналып үлгерді. Бүгінде тыңдармандар әр сенбінің кешін дәл осы жоба үшін асыға күтетін болған. Алайда өнер әлемінде мадақ пен сынның қатар жүретіні белгілі. Сүйікті әншілерінен көз жазып қалған кей көрермендер аталған жобаны әділетсіз деп сынап жатқан көрінеді, деп жазады Stan.kz тілшісі.
Фото: “Жұлдызды жекпе-жек” жобасынан скриншот
Жағымсыз пікір жаудырған жұртқа жобаның бас модераторы Мейрамбек Бесбаевтың айтары бар.
“Құрметті ағайын! Қазір “Жұлдызды жекпе-жек” сайысына байланысты xалық арасында әртүрлі пікір бар екенін оқып жүрмін. Еліміздің ең таңдаулы әншілері қатысқан сайыс болған соң олай болуы заңды да. Себебі, сайысқа қатысушылардың барлығы өздерін дәлелдеген, өз тыңдармандарын қалыптастырған, өз жанкүйерлері бар танымал өнерпаздар. Олардың барлығы да менің жақын бауырларым. Ешқайсын бөліп-жармаймын. Олардың әрбірі үшін менің де жаным ауырады.
Бірақ сайыс болған соң біреу озу керек, біреу қалу керек. Заңдылық солай. Жекпе-жектің сарапшыларына да қазақ эстрадасында өзіндік оны бар әншілер шақырылады. Егер олар сайысқа қатысушылардың жақсы қырларын байқап, айтып жатса оның несі айып?
Бұл сайыстың мақсаты өздерін бұдан бұрын дәлелдеп қойған әншілердің кемшілігін іздеу емес. Мақсат xалыққа жанды дауыста өнер көрсетіп, эстетикалық ләззат сыйлау. Сол үдеден шығып жатыр деп ойлаймын. Бұл сайыс формасында ұйымдастырылған ән өнерінің жәрмеңкеңкесі десе де болады.
Осы сайысты ұйымдастырғандағы ойымыз да өнерде жүрген бауырлардың бірлігін көрсету, ұлттық эстрадамыздың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашу болатын. Сондықтан кім озса да қазақ озады, қазақ эстрадасы озады. Жан-жаққа тартпай ауызбірлікте болайық! Сіздер менің бұл бастамамымды қолдайды деп сенемін. Әр қазақ – менің жалғызым! Баршаңызға Алла жар болсын”, – деп бөлісті Мейрамбек Бесбаев инста-парақшасында.
Айта кетейік, өткен сенбіде қазылардың шешімі бойынша Дастан Оразбеков жартылай финалға жолдама алып, Төреғали Төреәлі жобадан шет қалған болатын. Бұл ретте Төрефандар сүйікті әншісінің “Жекпе-жектен” шығып қалғанына наразалық білдірген.
Жіберіп алмаңыз:
Салтанат Бақаева өзін тонап кеткен үй қызметкерімен соттасқан
Билеуге болмайды: Ернар Айдар жол апатынан кейін денсаулығына келген зақым туралы айтты
45 жасында тұрмысқа шыққан Гаухар Әлімбекова жарымен қалай танысқанын айтып берді