Мейіржан Төребаевтың жұбайы оның абақтыда немен айналысып жатқанын айтты
Қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған Мейіржан Төребаевтың абақтыда немен айналысып жатқанын жұбайы Дана Есеева айтып берді. Ол Мейіржанның көпшілікке жолдаған хатын жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Баршаңызға сәлем, менің құрметті оқырмандарым. Менің жағдайым жақсы, қолдауларыңыз үшін рахмет. Менен бір челлендж болсын! Әрі қарай не істеу керектігін Дана айтады", - деп жазған Төребаев хатында.
Вайнер науқас баланың еміне ақша жинау үшін қайырымдылық акциясын ұйымдастырған. Ол үшін қазақстандықтар бүлдіршіннің еміне ақы аударып, желіде Мейіржанды белгілеуі керек. Одан бөлек, Төребаев абақтыда жатып, фильмге сценарий жазып жатқан көрінеді.
"Ол керемет сценарий жазды. Мен күн сайын оған барып, дәптерін оқимын, фильмге деп салған суреттерін көріп, оның қаншалықты талантты және шығармашыл адам екеніне тағы да көз жеткіземін. Мен оны мақтан етемін.
Бұл фильм полиция жайлы да, түрме жайлы да емес. Бұл өмірдің терең мағынасы жайлы болмақ. Онда әзіл де, драма да, психологиялық жанр да бар. Мен ол сахналарды оқығанда жылаймын. Құдайдың қалауымен, Мейіржан жазған дүниенің бәрі жарыққа шықсын деп тілеймін", - дейді Дана Есеева.
Одан бөлек, Есеева Мейіржанның анасы туралы айтты.
"Өте қатты алаңдаулы. Ересек, жалғыз ұлы. Ол кісі Мейіржанның әкесінің қазасынан кейін енді ғана ес жиған еді, ал мұнда мынадай бассыздық орын алды. Қуанышқа орай, әпкелері жанында. Арасында ауырып қалады, бірақ өзін ұстауға тырысып жүр", - деді ол.