Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемдік алпауыт компаниялар мыңдаған жұмыс орындарын қысқартып, қызметкерлерді ЖИ-мен алмастыруда

Фото: depositphotos.com

Әлемдік алпауыт компаниялар қызметкерлердің орнын жасанды интеллектпен ауыстырып, жұмыс орындарының санын қысқартып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs АҚШ-та ЖИ-ді жедел енгізу биыл жұмыссыздық деңгейін арттыруы мүмкін екенін ескертті. Қазірдің өзінде автоматтандыруға ең бейім салаларда жұмыс орындарының қысқаруы байқалуда.

Goldman Sachs экономистерінің бағалауынша, 2025 жылы АҚШ-та ЖИ ең көп әсер еткен салаларда ай сайын 5–10 мың аралығында  жұмыс орны қысқарған. Ал қаңтар айында жоспарланған барлық қысқартулардың 7 пайызы ЖИ-ге тілкелей байланысты.

2026 жылдың қазан айынан бері жасанды интеллектке (ЖИ) байланысты ең танымал әлемдік компаниялар жұмыс орнын қысқартқан. Олар: 

Agora – Польшаның медиа тобы. Желтоқсан айында цифрлық бизнесін дамыту мақсатында қайта құрылымдау жүргізіп, 166 қызметкерді жұмыстан қысқарту, яғни жалпы жұмыс күшінің 6,56%-ын қысқартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Allianz Германиялық сақтандыру тобы саяхат сақтандыруы бөлімінде 1 800-ге дейін жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл шешім жасанды интеллекттің қолмен атқарылатын процестерді біртіндеп алмастыруына байланысты қабылданған. 

Ал Amazon 28 қаңтарда корпоративтік салада 16 000 жұмыс орнын қысқартқанын растады. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен тиімділікке негізделген жаңғырту стратегиясын жалғастыра отырып, алдағы уақытта қосымша қысқартулар болуы мүмкін екенін мәлімдеген. 

Autodesk – АҚШ-тың жобалау бағдарламаларын әзірлейтін компания. Ол 22 қаңтарда жаһандық жұмыс күшінің шамамен 7%-ын, яғни 1000-ға жуық қызметкерді қысқартатынын мәлімдеді. Бұл шешім шығындарды бұлттық платформа мен ЖИ бастамаларына қайта бағыттаумен байланысты.

Темекі және никотин өнімдерін өндіруші British American Tobacco компаниясы 12 ақпанда ЖИ негізіндегі өнімділік бағдарламасын іске қосатынын жариялады. Бағдарлама жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін, алайда нақты қанша қызметкерге әсер ететіні айтылмады.

АҚШ-тың химия өндіруші Dow компаниясы 29 қаңтарда жалпы жұмыс күшінің 13%-ын құрайтын шамамен 4 500 қызметкерді қысқартатынын хабарлады. Компания автоматтандыру мен ЖИ арқылы барлық өндірістік және жұмыс процестерін оңтайландыруды жоспарлап отыр.

HP Inc. компьютер мен принтер өндіруші компания өткен қарашада 2028 қаржы жылына дейін әлем бойынша 4 000–6 000 жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл операцияларды оңтайландыру және ЖИ енгізумен байланысты.

MercadoLibre Бразилиялық электронды сауда компаниясы ЖИ-ді кеңейту аясында 119 қызметкерді қысқартқан. Бұл туралы 12 қаңтарда Folha de S. Paulo басылымы хабарлаған.

Ал әйгілі Facebook пен Instagram желілерінің иесі Meta Platforms компаниясы Metaverse бағытынан ЖИ құрылғыларына бет бұру аясында Reality Labs бөлімшесінде 1 000-нан астам қызметкерді қысқартуда. Сонымен қатар, компания қазан айында Superintelligence Labs бөлімшесіндегі бірнеше мың қызметтің шамамен 600-ін қысқартатынын мәлімдеген.

Спорттық киім өндіруші алпауыт компания Nike 775 қызметкерді қысқартуда. Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл шешім компанияның табысын арттыру және автоматтандыруды жедел енгізу мақсатына байланысты қабылданған.

Pinterest әлеуметтік медиа платформасы қаңтар айында жұмыс күшінің 15%-ына дейін қысқартатынын хабарлады. Мақсат – ресурстарды ЖИ-ге бағытталған қызметтер мен стратегияға қайта бөлу.

Францияның тұрмыстық техника және асүй бұйымдарын өндіруші SEB компаниясы 25 ақпанда 2027 жылға дейін әлем бойынша 2 100 жұмыс орнына әсер етуі мүмкін қайта құрылымдау жоспарын іске қосатынын мәлімдеді. Жоспарда ЖИ мүмкіндіктерін толық пайдалану көзделген.

Telstra Австралияның ең ірі телекоммуникациялық компаниясы ЖИ негізіндегі қайта құрылымдау аясында 650 жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл өзгерістер Үндістанның Infosys компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Бұл туралы 11 ақпанда The Australian басылымы хабарлаған.

WiseTech Global Австралиялық бағдарламалық қамтамасыз ету компаниясы 25 ақпанда шамамен 2 000 қызметкерді, яғни жаһандық жұмыс күшінің үштен біріне жуығын қысқартатынын мәлімдеді. Бұл шешім тұтынушыларға арналған бағдарламалар мен ішкі операцияларға ЖИ енгізуге байланысты қабылданған.

Мұндай қысқартулар инвесторлар мен экономистердің жасанды интеллект (ЖИ) қалыптасқан салаларды түбегейлі өзгертуі мүмкін деген алаңдаушылықтарын күшейтіп отыр. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 26 Ақпан, 2026 18:39