Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мерзімі өтіп кеткен тауарлар: Қазақстандық супермаркеттер не себепті оны қайырымдылыққа жібермейді?

Әлемнің дамыған елдерінде мерзімі өтуге шақ қалған азық-түлікті қайырымдылық қорлардың қажеттіліктеріне беруге міндеттейтін арнайы заңдар қабылданған. Кейбір елдерде супермаркеттерде арнайы бұрышта тегін алуға болатын азық-түліктер қойылады. Бұл - бір жағы мұқтаж азаматтарға көмек болса, екінші жағы - азық-түліктік қалдықтарды азайтудың тәсілі. Қазақстанда бұл мәселе қалай шешіледі? Отандық ірі супермаркеттер желісі мерзімі өтуге аз қалған өнімдерді тегін тарата ма? Толығырақ Stan.kz материалында. 

"Ramstore" ЖШС-нің Корпоративті байланыстар мен оқыту бойынша директоры Жаңыл Мурзалиеваның айтуынша, мерзімі өткен немесе өтуге шамалы қалған азық-түлік қайырымдылыққа жіберілмейді.

"Мұндай тауарларды жою компанияның ішкі тәртібі, регламентіне сай жүзеге асырылады. Мұнымен қоса біздің компанияда әлеуметтік ұжымдық жауапкершілік шеңберінде екінші жыл зейнеткерлер мен студенттерді қолдау бағдарламасы жұмыс істейді. Оған сай жеке куәлігі мен зейнеткерлік немесе студенттік куәлігінінің көшірмесін ұсынған азаматтарға "Рамстор Бонус - Әлеуметтік/Зейнеткер (студент)" деген чек бойынша біздің супермаркеттер желісінде 3%-дық жеңілдік картасы табысталады.Сатып алынған тауарлардың құны айына 30 000 теңгеден аспауы тиіс. Бұл қазіргі уақытта Алматы мен Нұр-Сұлтанның мыңдаған зейнеткері мен студенттері пайдаланатын біздің тарапымыздан қомақты көмек", - дейді еліміздегі ірі супермаркеттер желісінің өкілі.

Magnum супермаркеттер желісінің PR-менеджері Дмитрий Шишкин мерзімі өткен өнімдер санитарлық нормалар мен талаптарға сай жойылуы тиіс, оларды тіпті тастай салуға болмайтынын айтады. 

"Біз тауарды қамтамасыз ететін компаниямен мерзімі өтіп кеткен тауарды қайтару және оны утилизациялау туралы келісімшартқа отырамыз. Мұнымен бизнес сияқты айналысатын арнайы компаниялар бар. Олар санитарлық нормаларға сай мерзімі өткен азық-түлікті көміп немесе өртейді. Өзіміз өндіретін кулинария, аспаздық өнімдерге келгендей утилизациямен айналысатын компаниялармен тікелей келісімшартқа отырамыз", - дейді супермаркеттің өкілі.

Шишкин мырзаның айтуынша, жалпы мерзімі өткелі тұрған азық-түлік супермаркеттер желісінде көп болмайды. Себебі кез-келген сауда-саттықпен айналысатын ұйым нақты мерзімде өндіре алатын тауар көлеміне тапсырыс беруге тырысады. 

"Бізде Еуроодақпен салыстырғанда, "мүмкіндігінше қолданылуы тиіс" және "міндетті түрде қолданылуы тиіс" деген мерізімінің екі түрі көрсетілмейді. Тек қолданылуы тиіс мерзім белгіленеді, одан кейін тауар жойылуы тиіс", - деп түсіндірді Дмитрий Шишкин.

Қайырымдылыққа қатысты, PR-менеджер Magnum тұрақты түрде Балалар үйін, Ардагерлер ұйымын, аз қамтылған отбасыларды компания есебінен азық-түлікпен қамтамасыз ететінін тілге тиек етті.

"Magnum гипермаркеттер желісінде жағдайы төмен азаматтарға сатып алушылар жинай алатын өнімдер (ұзақ сақталатын) үшін арнайы жәшіктер орнатылған. Бұл "Тепло" жобасы шеңберінде жүзеге асырылады", - дейді супермаркет өкілі.

Аталған сауалмен Stan.kz "Skif сауда trade" компаниясына хабарласқан еді, бірақ аталған желіден еш жауап келмеді. 

Айта кетсек, елімізде мерзімі өткен азық-түліктерді жоюды Қоғамдық саулықты қорғау мекемелері қадағалайды. 

 

Дайындаған: Жанар Жансейіт

Талқылау