"Мерзімі 1 немесе 5 жылдан асқан кредиттер кешіріледі": Желіде әйел микроқаржы ұйымдары салықтан босатылды деп видео таратты
Әлеуметтік желіде әйел қазақстандықтардың мерзімі өткен кредиттері кешіріліп жатқаны туралы айтып, видео таратты. Редакцияға хабарласқан оқырманымыз жалған ақпараттың тарап жатқанын және істің мән-жайын анықтап беруді сұрады. Stan.kz тілшісі құзырлы органдарға және қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінді.
Фото: gov.kz
"2019 жылдан бастап 2022 жылға дейін микрокридит және МФО-дан алған кредит болса, оны жоюға жіберуге болады. Шарттары жайлы кеңес алыңыз. Микроқаржы ұйымдары осы үш жыл аралықта алынған кредиттерді кешіріп жатыр. Микро қаржы ұйымдарына KMF, Freedom, Сәлем банктері кіреді. “Олар не себепті кешіріп жатыр?” деген сұрақ туындаса, оларды салықтан үш жыл босатқан. Сол себепті кешірім беріп жатыр. Егер білікті маманнан, заңгерден кеңес алғыларыңыз келсе, консультация алып, осы банктердегі проблемаларыңызды шешуге болады”, – деді әйел @kasip_qoldau парақшасында.
Оқырманның айтуынша, көп азамат сол орталыққа барып алданып жатыр.
"Ачилбек.А, дәл осы нөмерге төлем жасасаңыз, сіздерді мамандарға қосамыз. Біздің кредит жайлы эксперт кешке сағат 21:00-де ақпарат береді. Орындар саны шектеулі, үлгеріп қалыңыздар. Төлем жасаған ханымдар мен мырзалар, сіздер барлық сұрағыңызға жауап аласыздар. Сенімдеріңізге рақмет. Нақты шешім қабылдап кеңес алам десеңіз, жекеге шығыңыз", – делінген оқырман жіберген хабарламада.
Сонымен қатар ол мұндай алаяқтарға сенбеу керегін және әйелдің білікті маман емес екенін айтты.
"Мынадай алаяқтар шығыпты. Мына әйел жалған ақпарат таратып, адамдар "кипишь" болып жатыр. "Ойбай, кредиттер кешіріледі екен" деп дүрлікпеге бой алдырды. Тіпті, клиенттер сеніп, бөлімшеге келіп жатыр. Менің ойымша, бұл әйелге сеніп "походу" қазір талай адам құриды. "Жалған ақпаратқа сенген азаматтар қаржы ұйымдарының бөлімшелеріне хабарласып жатыр. Мұны қаржы институт мамандары растап отыр" деп хабар таратты", – деді оқырман.
Бұған қоса әйел көп балалы аналарға атаулы әлеуметтік көмекті АӘК (АСП) ресімдеу үшін жеңілдік бар екенін және қандай жеңілдік екенін білу ушін кеңес алыңыз деп жазған.
“Микроқаржы ұйымдарына салық азайғандықтан, азаматтардың мерзімі 1 немесе 5 жылдан асқан кредиттері кешіріледі деп хабар таратқан”, – делінген оқырман жіберген WhatsApp аудиосында.
Алайда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдері бұл ақпарат жалған екенін мәлімдеді.
"Бұл видеолардағы ақпарат шындыққа жанаспайды. Заңнамаларда микро қаржы ұйымдары арқылы алынған кредиттер кешірілетіні туралы ақпарат жоқ", – деп жазылған ведомствоның жауабында.
Айта кетейік, 2021 жылы алаяқтыққа қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабына сәйкес алаяқ жауапқа тартылады.
1 бөлігі: Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену үшін мүлкі тәркіленіп, 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру;
2 бөлігі: Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін 4 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру;
3 бөлігі: Ірі мөлшерде мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса;
3) екі немесе одан да көп адамға қатысты;
4) бірнеше рет жасалған алаяқтық –
3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға;
4 бөлігі: Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды:
1) қылмыстық топ жасаса;
2) аса iрi мөлшерде жасалса, –
5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.