Меруерт Өтекешова: Әйел адам үшін отбасы әрдайым алғашқы орында болуға тиіс
“Қыз Жібек” фильмі арқылы көпшіліктің көңілінен шыққан танымал актриса Меруерт Өтекешова өнер және отбасы туралы өз ойларымен бөлісті.
Сурет ztb.kz
Бұл туралы “Ана тілі” басылымы хабарлайды.
Актриса “Қыз Жібек” картинасына кездейсоқ келгенін, әу баста актриса болу туралы тіпті де ойында болмағанын айтты.
“1967 жылдың соңында Сұлтан Қожықов есімді режиссердің романтикалық драманы түсіргелі жатқанын дүйім жұртшылық болып естідік. Шыны керек, бұл киноға түсуге ойда жоқта келдім десем болады. Ол кезде мектепте оқимын, актриса атанамын деген ой мүлдем болған жоқ. Іріктеудің өтіп жатқанынан хабардар болып, барсам, толған қыздар… Әрі бәрі де әдемі. Әрқайсысы өз-өзіне сенімді. «Мәссаған, мына сұлулардың арасында маған не бар?..» деп ойлап қоямын. Бір қызығы, олардың бірен-саранын есептемегенде, көпшілігі іріктеудің екінші кезеңіне де өткен жоқ. Кейін режиссерден білгенімдей, келген 400-ге жуық қыздың жүзі көрікті болғанымен, жүректерінде өнерге деген сүйіспеншілік аз екен”, – дейді актриса.
Кейін өмірлік жары, “Төлегені” Құман Тастанбековпен бірге актриса бірқатар кинокартиналарға да түскен. Әйтсе де әлі күнге екеуі үшін театр жандарына жақынырақ.
“Құман екеуміз театрда көптеген рөлдер ойнадық. Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзінде» – ол Арша, мен Қарагөз, Ш.Айтматовтың «Ана – Жер анасында» ол – Қасым, мен – Әлима болып шықтық сахнаға. Бұдан бөлек «Жоғалған дос» деген жақсы спектакль болған. Біз бір-бірімізге көмектескенімізге, бір сахнада рөл ойнағанымызға ризамыз”, – дейді Меруерт Өтекешова.
– Өнердегі ұстазыңыз жайлы айта кетсеңіз.
Бүгінде аяулы әйел, ардақты ана, асыл әже болып отырған Меруерт Өтекешова, әйел бақыты туралы пікірімен де бөлісті.
“Әйел заты үшін отбасы, ошақ қасы әрдайым алғашқы орында болуға тиіс. Сондықтан бақыт деген қызмет те емес, шен де емес, ол – отбасы”, – дейді атақты актриса.