Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әке мерт болған ұлының еміне жиналған 96 миллион теңгені басқа науқас балаларға таратып берді

Данияр Тәліпов 96 миллион теңгені басқа балалардың еміне таратып бердіФото: Видеодан скриншот

Қатерлі ісікке шалдығып, салдарынан көз жұмған Әлтайыр Еркебұланның әкесі Данияр ұлының қазасынан жеті күн өткен соң байланысқа шығып, емге жиналған ақшаға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

8 жасар Әлтайыр Еркебұланда лейкемия болды. Отбасы халықтан ақша жинады. Бірақ, өкінішке қарай, бала қаңтардың соңында қайтыс болды. Ұлынан айырылғаннан кейін отбасы қалған 96 миллион теңгені қазір де қайырымдылық жинағы жүріп жатқан балаларға бөліп беруді ұйғарған.

“Оның арамыздан кеткеніне жеті күн болды. Альтаирдің еміне жиналған қаражаттан 96 миллион теңге қалған еді. Біз оны қазір көмекке мұқтаж балаларға бөліп беруді шештік", – деді Данияр Тәліпов Instagram парақшасында жариялаған видеода.


2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды


Оның айтуынша, ең ірі сома Аяна Нұртаеваға аударылған.

“Аяна Нұртаеваға 45 миллион теңге жібердік. Ол қазір Ыстамбұлда ем қабылдап жатыр”, – деді ол.

Тағы 25 миллион теңге Алмаз Түсіпбек есімді баланың еміне бағытталған.

“Сондай-ақ Алмазға 25 миллион теңге аудардық. Қаражаттың тағы бір бөлігі Дарьяға жіберілді – олар қазір ем алып жатыр”, – деді Данияр.

Данияр Тәліпов видео соңында ауыр кезеңде отбасын қолдаған барша жанға алғыс айтты.

“Достар, қолдауларыңыз үшін – қаржылай көмекке, жәрдемге, пікірлеріңізге – барлығыңызға көп рақмет. Бұл біз үшін өте маңызды болды”, – деді ол.

Сондай-ақ ол сын сәтте қол ұшын созған банк пен жекелеген адамдарға да алғыс білдірді.

“Ең қиын сәтте бізді қолдаған Нұрбанкке ерекше алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ Қытай клиникасы ем құнын көтерген кезде көп көмектескен Нұрланға да рақмет”, – деді Данияр Тәліпов.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 06 Ақпан, 2026 19:23