“Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының бас жүлдесін ақтөбелік Нұсқабаевтар иеленді (фото)
Ақтөбе облысынан келген Нұсқабаевтар отбасы биыл үшінші рет ұйымдастырылған “Мерейлі отбасы” республикалық сайысында жеңімпаз атанды.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
“Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының бас жүлдесі ақтөбелік Нұсқабаевтар отбасына бұйырды.
“Әрине барлық отбасылар байқауға белсенді қатысты әрі олар “Мерейлі отбасы” жеңімпазы атануға лайықты. Дегенмен байқаудың аты байқау. Сондықтан дауыс беру нәтижесінде Нұсқабаевтар отбасы жеңіске жетті”, – деді жалпыхалықтық дауыс беру қорытындысына орай жеңімпаз отбасын жария еткен ҚР Мемлекеттік хатшысы.
Мұғалімдер мен дәрігерлер, спортшылар мен зияткерлер, ғалымдар арасынан Ұлы Отан соғысының ардагері Абдолла Нұсқабаевтың отбасы озып шықты. Бұл отбасында балалары мен келіндері, олардан тараған 29 немере, 19 шөберені қосқанда 80 адам бар. Отағасы соғыстан кейін 46 жыл мектепте ұстаздық еткен. Жұбайы “Батыр ана”. 70 жыл отасқан ерлі-зайыптының өмірі бүгінде көпшілікке үлгі.
“Жасым 91-де. Отбасылық құндылықтар мен дәстүрлер сақталатын осындай тамаша елде өмір сүргенім үшін бақыттымын. Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Бұл бір жағынан көп, бір жағынан қысқа уақыт. Бірақ, осы уақыттың ішінде біздің еліміз көптеген жетістіктерге жетті, Қазақстанды әлем таныды! Осы тамаша сайыс, осы бақытты өмір, тәуелсіздік үшін президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа үлкен алғыс айтамын. Мәңгілік ел болайық”, – деді Абдулла Нұсқабаев марапаттау салтанатында.
Әбдіқалықова байқау жеңімпазы атанған Нұсқабаевтардың отбасында Қазақстанда шығарылған “Ивеко” шағын автобусының кілтін табыстады.
Жалпы, марапаттау рәсімі барысында байқауға қатысқан барлық 16 өңірдің отбасыларына арнайы диломдар мен ҚР Тұңғыш Президенті қорынан 300 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.