"Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпазы үйде отырып қалай отбасылық жобаны жүзеге асырғанын айтып берді
Астанада "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Отбасыларға 1 млн теңгелік сыйақы және арнайы диплом табысталды. Жеңімпаздардың арасында үйде жоба бастап, өз өңірінің майталмандарын елге танытқан Нұрқасым Хасенов бар. Ол өзінің “Түнгі шай” жобасы туралы айтып берді.

Жеңімпаз отбасылардың бірінің отағасы Нұрқасым Хасеновтың айтуынша, бұл байқауға оның өз ата-анасы да қатысқан екен.
"Біз Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданынан келіп отырмыз. Бұрын "Мерейлі отбасыға біздің ата-анамыз қатысқан еді. Енді, міне, өзіміз де есейіп, сол ата-анамыздың жолын қуып, үздік отбасылардың қатарына кіріп отырмыз. Өте қуаныштымыз", – дейді ол.
Нұрқасым Хасеновтың сөзінше, халықтың еңсесі түскен уақытта ол үйден "Түнгі шай" деген жоба бастап, өз өңіріндегі өнер және спорт майталмандарын елге танытқан.
"2020 жылы коронавирус кезінде ешқандай шара болмай, халықтың еңсесі басылып қалғандай болды. Сол кезде үйден шағын каридорда "Түнгі шай" деген жоба бастадым. Оған ауданнан шыққан беделді спортшыларды, өнерпаздарды бір-бірлеп шақырып, дастархан басында отырып сұхбаттастым. Олардың еңбегін, істеген жұмысы мен жеткен жетістігін халыққа насихаттағым келді. Осы арқылы халықтың еңсесін көтерейік дедік. Осы мақсатта жасадық", – дейді ол.
20 үздік отбасы Астана қаласында өткен салтанатты шараға барып, қызыл кілемде жүрді. Он жылда бұл жоба отбасылық құндылықтарды дәріптейтін бірегей жарыстардың біріне айналды.
Биыл жобаға республика бойынша 3 369 отбасы қатысып, бақ сынаған. Дегенмен 49 баланы бағып отырған қостанайлық Шукуровтар отбасы және бір отбасыдан 26 адам теміржол саласында еңбек ететін алматылық Қапышевтар әулеті сияқты қатысушылар үздік деп танылған.
Қазақстанның барлық өңірінен жиналған жеңімпаздарды сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекет басшысының атынан құттықтады.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған