"Менің өлгенімді күтіп отыр ма?": Қызылордалық бойжеткен кісі қолынан қаза тапқан Нұрайдың оқиғасы өз басынан өтіп жатқанын айтып, дабыл қақты
Фото: instagram.com/@zhazowim, әлеуметтік желіден
Қызылорда қаласының тұрғыны Жазира Қуанышбай әлеуметтік желіде Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрайдың оқиғасы басынан өтіп жатқанын айтып, өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Басынан өткен оқиға туралы бойжеткен Theards желісінде жазды. Жазира дәл Нұрай секілді сталкингтің құрбаны болып жүргенін, полиция мен прокуратураға бірнеше рет шағымданса да, іс қозғалмағанын айтады.
“Дүниеде жоқ Нұрайды қоғам ақтай алмай жатқанда, Тірі мені қоғам қорғай ала ма? Жарты жылдан асты сталкингтің құрбаны болып жүрмін. Ата-анам, туысқан ағаларым, тәтелерім, әріптестерім барлығы куә. Барлық әрекетті жасадық, тіпті оның туыстары да сөз түсінбей, айтқандарын тыңдамай жатқанын айтты. Барлық әрекетті жасадым, сөз түсінбей, іс-әрекетін әлі күнге дейін жалғастыруда”, – деп жазды Жазира.
Бойжеткен ер адамның үстінен Қызылорда қаласының құзырлы органдарына шағымданған. Алайда полиция істі қылмыстық құқық бұзушылық болмауына байланысты жауып тастапты.
“Жүрген жерімде жалғыз жүрмеймін, себебі күнде адамды өлтіру, зорлау болып жатыр. E-Otinish арқылы алдын алайын деп 2025 жылдын 18 тамыз күні арыздандым. Ештене жасай алмады. Ол адам іс-әрекетін жалғастырды. Тағыда Қызылорда қаласының Полиция Басқармасы мен Қызылорда облысының Прокуратурасына E-Otinish арқылы жаздым. Прокуратура тіпті бұл істі қарамай, ПБ-на бағыттады. ҚЫЛМЫСТЫҚ құқық бұзушылық болмауына байланысты НОМЕНКЛАТУРАЛЫҚ ІС болып жабылды”, – дейді қыз.
Жазира полицияның жауабымен келіспей, тағы да шағымданған, алайда полиция істі қайта қараудан бас тартып, бұрынғы жауабын қайта жіберген.
“Сонда мені міндетті түрде алып-қашып зорлау керекпе? Әлде Нұрай секілді өлгенімді күтіп отыр ма? Нұрайдын оқиғасы жаныма қатты батты. Жарты жыл қашып, өз үйіме жарты жыл бармай, жалғыз жүрмей, жұмыстан қайта алмай 102-ны қайта-қайта шақырсам да болмады. Осы уақытқа дейін жасалған іс-әрекеттер маған, ата-анама, отбасыма, туған-туыстарыма, әріптестеріме жүйке жүйесі мен психологиялық, моральдық тұрғыда зардабын беруде”, – деп жазды бойжеткен.
Жазираның желідегі жазбасынан кейін Қызылорда облыстық полиция департаменті жағдайға қатысты пікір білдірді.
“Сталкинг дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық істің тергеу барысы Қызылорда облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында”, – делінген полиция хабарламасында.
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақаттарынан көз жұмғаны туралы жазған едік. Аталған дерек бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Марқұм – студент Нұрай Серікбай. Оны 11 қаңтар күні кешке Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында пышақтап кеткен. Бейнежазба кадрларынан қыздың қашуға тырысқанын, кейін қарсылық көрсетіп, ал жігіттің оны ұрып-соғып, пышақ сұққанын көруге болады. Оқиғадан соң күдікті оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталды. Нұрай ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Оның екі ағасы бар, өзі отбасының кенжесі болған.
Нұрайдың туыстары марқұмның бұған дейін күдіктінің үстінен полицияға шағымданғанын, алайда қызметкерлердің қыздың арызын қабылдамай қойғанын айтып, полицияны немқұрайлық танытты деп айыптады. Кейін іс ішкі істер министрлігінің бақылауына алынғаны айтылды.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады