"Менің де кінәраттарым бар": Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи екі қызы шетел азаматына тұрмысқа шыққанын айтып, өкінішін білдірді
Фото: видеодан кадр
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында бала тәрбиесі туралы сөз қозғай келе, екі қызы шетел азаматтарына тұрмысқа шығып кеткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, шетелде оқып келген қыздары қазақ қоғамына сіңісе алмаған.
"Шетелде ұзақ оқыған қыздар келген соң елге сіңісе алмады, өз теңіне тұрмысқа шыға аламды. Жылап келген де кезі болды. Мен оны Америкадан алдырып алғам. Оны осы жақта жолдас жігіттің компаниясына кіргізгем, табысы да тәуір болатын. Махаббат майданында маңдайы тасқа соғылды. Сондай бір сәтінде маған келіп, жылады. Осы тұрғыда, әрине, менің кінәраттарым бар. Олар қайтадан шетелге кетті. Сол жақта 12-13 жыл тұрды, содан екеуі шетелдікке тұрмысқа шығып кетті.
...Жиендердің барлығын қазақи, көшпенділер мәдениеті тұрғысынан тәрбиелеп жатыр. Соны дәтке қуат көремін", – дейді Ермұрат Бапи.
Депутат ағылшын тілінде сөйлейтін күйеу балаларымен де, жиендерімен ортақ тілде сөйлесе алмайтынын, тек қыздары арқылы не тілмаш арқылы сөйлесетінін айтып, өкінішін білдірді.
"Ол енді бір трагедия… Қазақи тұрғыда ішіңді тырнап жатса да, бірақ соған қарап әлем дамып бара жатыр, өркениет осындай ғой деп, осыған місе тұтып қоясың", – дейді ол.
Сондай-ақ депутат бала тәрбиесіне араласуға мұршасы бола бермегінін, балаларын негізінен жұбайы тәрбиелегенін айтып өтті.

Жапониядағы қазақ дәстүрі: Сырға салудың видеосы желідегілерді таңқалдырды
