"Мені қылмыскер сияқты көрсетіп отыр": Блогер Жанәбілов сотта журналистерге шағымданды

Астанада блогер Жанәбіловтерге қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Сот отырысында Ерболат Жанәбіловтен жауап алынып, ол көлік ойнату науқаны, іске дейінгі жағдайлар және өзіне тағылған айыптарға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Заң бұзу ниетім болмады”
Сотта Жанәбілов заңсыз лотерея ұйымдастыру ісіне қатысты өз уәжін айтып, ұтыс ойындарының қалай басталғанын егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның сөзінше, ешқандай заң бұзу ниеті болмаған. Керісінше, бұл қарапайым қайырымдылық сипатындағы акция ретінде жоспарланған.
Ол оқиғаның бір эпизодында мұқтаж адамға жаңа көлік сыйлағанын айтты. Ал сыйға тартылған жаңа көліктің орнына әлгі азаматтың ескі, жасыл түсті Subaru көлігін алған. Кейін сол ескі көлікті жөндеп, жаңартып, қайтадан тегін беруді ұйғарған.
“Бұл кәдімгі ескі көлік еді. Біз оны жөндеп, дөңгелектерін ауыстырып, қалыпқа келтірдік. Әдемілеп жасап, халыққа тегін береміз дедік. Бұл жерде ешқандай коммерциялық мақсат болған жоқ”, – деді ол.
Жанәбіловтің айтуынша, 2025 жылы 18 тамызда Instagram парақшасында осы көлікті тегін беретінін жариялаған. Ал 21 тамызда олардың оқу курсының сатылымы басталған. Сол күні жарияланған видеода ұтыс жайлы ғана емес, курстың мазмұны туралы да толық ақпарат берілген.
“Жұбайым видеода курстың не үшін қажет екенін, платформаның қалай жұмыс істейтінін анық түсіндірді. Біз тек ұтысты емес, оқыту жағын да көрсеттік”, – деді ол.
Оның сөзінше, курсты сатып алған адам бірден “сәттілік дөңгелегіне” және оқу платформасына қол жеткізгенімен, негізгі сабақтар тек 31 тамызда ашылуы тиіс болған.
Алайда 22 тамызда оларға заңсыз лотерея қызметін ұйымдастырды деген мазмұнда хабарлама келген. Осыдан кейін жұбайы Эльмира Төлегенова адвокат Олег Черновқа жүгінген.
“Біз заңгер емеспіз, заңды толық білмейміз. Адвокатқа хабарластық. Ол бізге ештеңеге қол қоймаңдар, мен келген соң бірге барамыз деді”, – деді Жанәбілов.
Бірнеше күннен кейін адвокатпен бірге комитетке барған кезде, Жанәбіловке әкімшілік құқықбұзушылық хаттамасына қол қою ұсынылған. Оның айтуынша, сол сәтте ол қалған көліктерді халыққа қалай үлестіретінін сұраған.
“Мен: “Жақсы, қол қоямын. Бірақ халық алдындағы уәдем бар. Қалған көліктерді қалай беремін?” деп сұрадым. Олар маған: “Жаңа жылға дейін аяқта” деді. Сосын маған: “Сториске айыппұл алғаныңды айт, бірақ халық алдындағы міндеттемеңді орындап шық” деп айтты”, – деді ол.
Алайда адвокат бұл құжаттарға қол қоюдан бас тартуға кеңес берген. Себебі кейін бұл қылмыстық іске ұласуы мүмкін екенін ескерткен.
“Мен заңды білмеймін. Адвокат не айтса, соған сендім. Ол қол қоймаңдар деді, біз қоймадық”, – деді Жанәбілов.
Ол әкімшілік сотқа да адвокаттың кеңесімен қатысқанын, алғаш рет сот алдында тұрғандықтан не айтарын білмей қатты абыржығанын айтты.
“Мені ешкім дайындаған жоқ. Бұл жағдайға бірінші рет тап болдым. Жеті ай бойы үндемедім. Ішімде жиналғанның бәрін бүгін айтып отырмын”, – деді ол эмоцияға беріліп.
“Мені қылмыскер сияқты көрсетіп қойды”
Сотта Жанәбілов өз ісіне қатысты қоғамдағы резонансқа да эмоциямен пікір білдірді.
“Құрметті сот, өз ойымды айтқым келеді. Мен халқымның, бүкіл Қазақстанның алдында мазақ болғым келмейді. Осында тұрып жауап беріп тұрғанымда, мені адам өлтірген қылмыскер сияқты көрсетіп қойды. Барлық жерде шу, барлық жерде лас әңгіме. Журналистер бізді қалай қаласа, солай көрсетіп жатыр”, – деді блогер.
“Неліктен бізді ғана сотқа тартты”
Жанәбілов өз сөзінде блогерлер Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртазаны (Justking) мысалға келтірді. Оның айтуынша, оларда да ұқсас жағдайлар болған, бірақ тек әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
“Дарханның өзі әкімшілік айыппұл алғанын айтты. Ол сотқа өзі бармаған, адвокаты қатысып, апелляция берген. Бірақ қылмыстық іс болған жоқ. Ал неге бізді сотқа тартып жатыр? Заң бәріне ортақ емес пе? Бірдей жағдай, бірақ мені қылмыстық жауапкершілікке тартып отыр”, – деді ол.
Блогер заңгерлік білімі жоқ екенін, көп жағдайда бұрынғы адвокаты Олег Черновтың кеңесіне сүйенгенін айтты.
Сотталушы Zhana Business компаниясының қаржылық және заңдық мәселелеріне қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Аталған компания арқылы ерлі-зайыптылар лотерея ұйымдастырған.
“Мен қағаз жұмыстарына араласпаймын. Тіпті тұрмыста коммуналдық төлемдерді де әйелім төлейді. Бір нәрсені басуға, қол қоюға да қорқамын. Бұл істерге менің қатысым жоқ”, – деді Жанәбілов.
Ол Zhana Business ЖШС-нің құрылтайшысы жұбайы Эльмира Төлегенова екенін, ал өзінің компанияда ешқандай лауазымы жоқ екенін нақтылады.
Сот процесі жалғасып жатыр.
"Азық-түлік пен медицина қолжетімді": Иранда тұратын қазақ қандастар Отанға оралғысы келмейтінін айтты