Қырғызстан президенті тікұшақпен түрмеден ұшып кеткен сотталушыға қатысты дау үшін түсініктеме беруге мәжбүр болды
Фото: infogram_312
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров вебкам-студиялар желісінің негізін қалаушы, сотталған Даниэль Ажиевтің Петровка ауылындағы №8 түзету колониясынан тікұшақпен кеткен жағдайына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Қырғызстанда үлкен резонанс тудырды. Бұған дейін Ажиев заңсыз вебкам-студиялар ұйымдастырғаны үшін сотталған еді. Кейінірек ол Қырғызстан президентінің жарлығымен рақымшылыққа ілінді. Алайда әлеуметтік желіде оның сән-салтанатқа толы өмір салтын көрсетіп, байлығымен мақтанып жүрген видеолары тарады. Осылайша, желі қолданушыларының сынына ұшырады. "Кабар" агенттігіне берген сұхбатында Садыр Жапаров сотталған адамды кешіру туралы өтінішпен оған Ажиевтің анасы жүгінгенін айтты. Президенттің сөзінше, әйел оған WhatsApp арқылы бейнеүндеу жолдаған.
"Ол “Келінім төрт баламен өте қиын өмір сүріп жатыр, бір баласы мүгедек. Біздің жағдайымыз мүлде ауыр болып кетті. Өтінемін, ұлымды кешіріп, босатыңыз. Ұлым бұдан былай тәртіпті әрі тыныш өмір сүреді, мен оған кепіл боламын”, – деді. Мен жанашыр адаммын. Шынында да сеніп, рақымшылық бердім", – деді Жапаров.
Президент сол күні тек Ажиевті ғана емес, басқа да сотталғандарды кешіргенін атап өтті.
"Сол күні мен ауыр емес қылмыс жасаған 75 сотталған адамға рақымшылық жасадым", – деді президент Садыр Жапаров.
Сонымен қатар Жапаров Ажиевтің колониядан тікұшақпен кеткені туралы ақпаратқа да түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл туралы білген соң тікұшақты кері қайтаруды бұйырған.
"Оның тікұшақпен ұшып кеткені туралы ақпарат рас. Бірақ 15 минуттан кейін тікұшақ қайта шақыртылып, ұшқан орнына қондырылды", – деді президент.
Президент осы жағдайға төтенше жағдайлар министрлігінің қатысы жоқ екенін де айтты. Оның сөзінше, ведомствоның тікұшақтары қызметтік міндеттерден бөлек, техниканың өзін-өзі ақтауы үшін коммерциялық рейстер де орындай алады.
"Кім төлем жасап, тапсырыс берсе, сол адамға тікұшақ қызмет көрсетеді. Онда “Ажиевті тікелей түрмеден алып кету” туралы ешқандай бұйрық болмайды. Тек қону орны, қайтып қону орны, ұшу уақыты және жолаушылар саны көрсетіледі. Сондықтан министрлікті айыптаудың қажеті жоқ. Егер біреу тікұшақ қызметін пайдаланғысы келсе, ақысын төлеп, пайдалана алады", – деді ол.
Садыр Жапаров Ажиевтің бостандыққа шыққаннан кейінгі әрекетіне өзі де таң қалғанын айтты.
"Анасы жылап, “біз толық үмітсіз жағдайда тұрмыз” деді, ал ұлы түрмеден ұшу үшін тікұшақ жалдап жатыр. Сол кезде “Демек, мені алдап кеткен екен” деп ойладым. Жалпы, көп адам менің мейірімділігімді пайдаланады. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Жұмсақ адам қатал болған кезде жағдай мүлде басқаша болады", – деді Жапаров.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде колония маңынан тікұшақтың ұшып шыққанын көрсететін видео тараған. Даниэль Ажиев биыл ақпан айында мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Оның отбасы мүшелерінің айтуынша, бұл Қырғызстан президентінің рақымшылығының арқасында мүмкін болған. 2024 жылдың күзінде Ажиев тоғыз жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, айыппұл салынған еді. Ол жезөкшелік орындарын ұйымдастырғаны, порнография таратқаны және мүліктік зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды. Сонымен қатар оған екі жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынған.