Жұманғарин "халал шегіртке" туралы мәлімдемесін еске салғандарға ашуланды
Фото: ortcom.kz
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шегірткелерге қатысты "халал өнім" деген бұған дейінгі мәлімдемесіне қатысты журналистер қойған сұраққа ашуланып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап беру барысында Жұманғарин бұған дейінгі мәлімдемесін жоққа шығармағанымен, шегірткені тағамға қосуды ұсынбағанын атап өтті.
"Мен оны жеу керек дедім бе? Ол "халал өнім" дедім", – деп жауап берді ол журналистерге ашуланып.
"Шегірткенің егістікке келтіріп жатқан зиянын қалай тоқтатуға болады?" деген сұраққа Жұманғарин шегіртке экожүйенің бір бөлшегі екенін, одан толық құтылу мүмкін емес екенін айтты. Ол шегірткелердің жер бетінде ежелден тіршілік етіп келе жатқанын және олардың белсенділігі шамамен 12 жылда бір рет қайталанатынын атап өтті.
"Қазір біз оның екіжылдық циклінің аяғындамыз. Келесі жылы мұндай белсенді болмайды", – деп түсіндірді министр.
Бұдан бөлек Жұманғарин 2 маусым таңертең шегірткеге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізгенін хабарлады. Оның айтуынша, Қызылорда облысында жәндіктерді жою жұмыстары аяқталуға жақын, егістікке зақым келмеген. Түркістан облысында да жағдай осындай. Алайда Ақтөбе және Қостанай облыстарының шекарасында, сондай-ақ Ресей Федерациясымен шекаралас аймақтарда жағдай күрделі.
"Ешқандай келеңсіз салдарлардың болмайтынына 100 пайыз сенімдімін", – деп сендірді премьер-министрдің орынбасары.
Сондай-ақ министр мәселенің ауқымы туралы жалған ақпарат таралуына байланысты алаңдаушылық білдірді, айтуынша, бұл халық арасында дүрбелең тудыруы мүмкін. Оның сөзінше, билік жалған ақпарат таратқандарға қатаң шара қолдануға ниетті.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
