"Мен күнде жаман сөздер естимін": Алау Нұртас көпшілікке ренішін жеткізді

Танымал әнші Қайрат Нұртастың қызы әрі блогер Алау Нұртас көпшілікке назын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесінің ортаншы қызы әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Онда блогер ересектердің хейтіне жауап берді.
Алаудың айтуынша, оған көбіне 40-50 жастағы ересек адамдардың тарапынан ауыр сындар айтылады. Әншінің қызы олардың бұл әрекетін ұят санайды.
“Мен күнде “Мынау ұят”, “Осы жаста ашық киінуге қалай ұялмайды?”, “Дым әдемі емес”, “Мына қызда тәрбие жоқ екен” сынды жаман сөздер естимін. Мұндай сөздің көп бөлігін 40-50 жастан асқан ересек адамдар жазады. Менде бір ғана сұрақ бар. Шын ұят қайсы? Өз өмірімен айналысқан жас қыз ба? Әлде интернетте отырып жасөспірімді қорлап, ар-намысына тиетін ересек адам ба? Біз өсіп келе жатқан ұрпақпыз. Бізді қолдап, түсіну керек, жол көрсету керек. Ал сіздер бізді қорлайсыздар. Сынды “тәрбие” деп жасырасыздар. Естеріңізде болсын, сөз – өте қауіпті қару. Сіз жазған пікір – біреу үшін жара. Ұят мен емес, ұят ересек адамның баланы кемсітуі. Ұят – жек көруді тәрбие деп атау”, – деді ол.
Жас блогердің үндеуін желі қолданушылары жылы қабылдап, жарыса қолдау білдіріп жатыр.
“Тек алға. Сен мықтысың”, “Өте дұрыс айтады”, “Дұрыс айттың, осы “үлкендер” қашан өседі екен?”, “Ешкімді тыңдама, ит үреді керуен көшеді”, – деп жазған олар.
Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Нұртастың қызы киноға түспек екені, тіпті басты рөлдердің бірін сомдайтыны хабарланған еді.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қосымша кәсіп ашуға рұқсат берілді: Бұл кімдерге қатысты