Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады": Тоқаев Aitu ұлттық мессенджеріне көшуді тапсырды

Тоқаев АқордаФото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект дамуына байланысты жаңа қауіптер пайда болғанын айтып, деректерді басқару мен киберқауіпсіздікті күшейту қажет екенін мәлімдеді. Сондықтан үкіметке жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіруді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы ақпараттық жүйелердің осал тұстарына тоқталды. Президенттің сөзінше, жыл басынан бері деректердің қолды болуына байланысты 40-тан астам факті тіркелді. 

"Ең ірі оқиға маусым айында болды. Мұндай инциденттердің басым бөлігі жеке секторда болады. Бірақ мемлекет еліміздегі цифрлық қауіпсіздіктің жалпы деңгейіне толық жауап беруге міндетті. Киберқауіпсіздік саласындағы бүгінгі ахуал құзыреттердің дұрыс бөлінбеуі және шашыраңқылығы салдарынан күрделеніп отыр. Бір жағынан ақпараттық қауіпсіздікке цифрлық даму министрлігі құрамындағы ақпараттық қауіпсіздік комитеті мониторинг жүргізеді. Екінші жағынан қауіпсіздік талаптары бойынша техникалық сынақтар жүргізу және сертификаттау ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынышты мемлекеттік техникалық қызмет құзырында. Бірыңғай басқару вертикалінің болмауы және функциялардың қайталануы мемлекеттік органдардың киберқауіпке қарсы баяу әрекет етуіне себеп болады. Бұл жағдайды тез арада түзеу керек", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қорғалған коммуникацияны қамтамасыз етуді тағы бір маңызды міндет ретінде атады. Ол қазір іскерлік және қызмет бабындағы байланыстың, соның ішінде азаматтардың жеке деректерін беру үдерісінің басым бөлігі халықаралық мессенджерлер арқылы жүзеге асатынын атап өтті.

"Бұл платформаларда жеке сәйкестендіру нөмірін, азаматтардың денсаулығы туралы мәліметті және басқа да деректерді жиі сұрайды. Мұндай тәжірибе жеке мәліметтерді қорғау туралы заңнамаға қайшы және ұлттық юрисдикциядан тысқары жерге деректердің тарап кетуіне әкеліп соғады. Қазақстанда отандық Aitu мессенджері әзірленді. Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады. Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Aitu қазақстандық BTS Digital компаниясы жасаған қосымша. Ол күнделікті өмірде, бизнесте және мемлекеттік қызметте пайдалы болатын жобаларды біріктіреді. Компания жасанды интеллект пен Big Data-мен жұмыс істеп, сервистерді қауіпсіз, сенімді және жылдам етеді. Ашық деректерге сәйкес бұл қосымша 2021 жылы іске қосылған.


16 млн қазақстандықтың жеке дерегі медициналық ұйымдардан тараған болуы мүмкін – Премьер-министр Бектенов


Қазақстанда дипфейк үшін жауапкершілік пайда болады


Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 16 миллионнан астам азаматтың жеке деректері желіге тарап кеткенін хабарлаған едік. Ашық қолжетімділікке түскен деректердің ішінде азаматтардың аты-жөні, туған күні, ЖСН, телефон нөмірлері мен мекенжайлары бар. Мекенжай тізбегінде жиі кездесетін мекенжайлар қатарында стоматология, емханалар, Салық комитеті, университеттер мен басқа да ұйымдар көрсетілген. Өз деректерінің таралуына күмәнданған азаматтарға eGov, онлайн банкинг және мемлекеттік кірістер комитетінің базасындағы белсенділіктерін тексеру ұсынылады.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 11 Тамыз, 2025 15:14
Талқылау