Мемлекеттік қызметте «13-жалақы» мен мерекелік сыйақыларды алып тастайды
Бүгінде мемлекеттік қызметте әрбір адамның жұмысын бағалау жүйесі енгізілген. Алайда оны бонустарды төлеу жүйесіне әлі қосқан жоқ. Аталған екі жүйені өзара үндестіріп, іске қосқаннан кейін барлық сыйақылар мемлекеттік қызметкердің жеке жетістіктеріне сәйкес төленетін болады.
Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.
«Негізі, мемлекеттік қызметте «13-ші жалақы» деген сыйақы жоқ. Үстемеақы мен сыйақы дегендер бар. Алайда қазіргі міндетке сәйкес, әрбір мемлекеттік қызметкердің жалақысы жұмыстың нәтижесі бойынша төленуі керек. Сол себепті бүгінде жаңа жүйе әзірленді. Оның аясында барлық бонустар еңбектің нәтижесі бойынша төленеді. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметте жұмысты бағалау жүйесі енгізіліп отыр. Оған сәйкес, әрбір қызметкердің жеке жылдық жоспары белгіленеді. Онда нақты мақсат-міндеттер жазылады. Соның нәтижесі бойынша бонустар төленеді», – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мемлекеттік қызмет департаментінің міндетін атқарушы Жарқын Тілеукенов.
Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта жұмысты бағалау мен бонустарды беру жүйесін өзара байланыстырғаннан кейін мерекелік сыйақыларды алып тастайды. Сол кезде барлық бонустар, яғни ақшалай сыйақылар әрбір қызметкердің жеке жетістіктері үшін төленеді.
«Ол жүйе барынша ашық болады. Адам бонусқа лайық болса, сыйақы алады. Ал жоспарды орындамаса, жалақыны қанағат тұтуға мәжбүр болмақ. Біз аталған жүйені келесі жылдың екінші жартыжылдығында енгізуді жоспарлап отырмыз», – деп атап көрсетті Тілеукенов.
Жіберіп алмаңыз:
Төрт ауылдың халқы жайылым жеріміздің Өзбекстанға өтуіне қарсымыз деп наразылық білдірді
Қоғам қайраткерлері үш тұғырлы тіл саясатына қарсы шықты
Ішкі істер министрі барлық полицейлерді қызметінен қууға дайын
Арқалықтағы мешітті 180 миллион теңгеге сатпақ