Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда мемлекеттік құпияларды жинаған колонияның бұрынғы бастығына үкім шықты

түрме pixabayФото: pixabay.com

Павлодар қаласында сот №45 мекеменің бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық істі жабық режимде қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Irbistv.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

40 жастағы юстиция подполковнигіне қатысты іс "құпия" грифімен жүргізілгендіктен, оның мән-жайы жария етілмейді.

Колонияның бұрынғы бастығына Қылмыстық кодекстің екі бабы:

  • "Өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру үшін билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану";
  • "Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді заңсыз жинау" бойынша айып тағылған.

"Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша неғұрлым жеңіл жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен түпкілікті 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", – деп үкімді Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Жанар Тұрлубаева оқыды.



Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысындағы түрмелердің бірінде жазасын өтеуші адам екі жыл бойы ерекше жағдаймен ұсталғанын жазған едік. Абақты басшылығының жанындағы кабинетте тұрған, интернетті еркін пайдаланған, моншаға барған әрі қызметкерлер асханасында қонақ қабылдаған. Тергеу мәліметінше, 35 жастағы әділет подполковнигі сотталғанды қатаң режимдегі колонияға ауыстырамын деп қорқытып, оны сол жерде қалдыру үшін сыйақы талап еткен. Ол ауыстыру туралы құжат жобасын дайындап, кейін бұл шешімнен бас тарту үшін пара сұраған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 24 Желтоқсан, 2025 10:28