Тоқаев МӘМС-те қылмыстарды жапқан тұлғаларға қарамастан, барлық ұрлық-қарлықтың бүкіл астарын әшкерелеуді талап етті

Қазақстанда әлеуметтік саладағы қаржыға қатысты мәселе қайта көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа соңғы екі жылда әлеуметтік төлемдер мен бағдарламаларда миллиардтаған теңгенің тиімсіз жұмсалуына және жымқыру деректеріне жол берілмегенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік салада бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және жымқыру фактілері жөнінде есеп берді.
"Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалып отыр. Алайда түрлі әлеуметтік төлемдердің көптігі, олардың бытыраңқылығы және тиімді бақылау тетіктерінің болмауы шығындардың негізсіз өсуіне жағдай жасады. Бұл қаражаттың шашырап кетуіне, тиімсіз жұмсалуына, ал кейбір жағдайларда тікелей бюджет қаражатының жымқырылуына алып келді. Кейінгі екі жылдың өзінде ғана шамамен 288 миллиард теңге көлеміндегі қаражаттың тиімсіз пайдаланылуына жол берілмеді", – деді Бектенов.
Ол мемлекет басшысының Turkistan газетіне берген сұхбатында және Ұлттық құрылтайдың V отырысындағы сөзінде атап өтілгендей, әлеуметтік саланың түбегейлі реформалауды қажет ететінін жеткізді.
"Қазір әлеуметтік көмектің бытыраңқы түрлерін біріктіру және біріздендіру жүргізіліп жатыр. Білім беру қызметтерін көрсету үдерістері – нысандарды салудан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыруға дейін толық цифрландыру секілді шаралар қабылданды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы қайта форматталады", – деді үкімет басшысы.
Бұған қоса, ол көші-қон заңнамасының және жекелеген иммигрант санаттарын әлеуметтік қолдау тетіктерінің жетілмегені масылдық көңіл-күйдің пайда болуына себеп болғанын атап өтті.
"Жыл басынан бері жеңілдіктер мен қолдау бағдарламалары еңбек ресурстары тапшы өңірлерге қоныс аударған адамдарға ғана және іріктеу негізінде ұсынылып жатыр. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларындағы мемлекеттік саясатты трансформациялау мемлекеттік бюджеттен шамамен 18 триллион теңге бөлінетін салаларда тәртіп орнатуға мүмкіндік береді. Үкімет “көмек – тек шын мәнінде мұқтаж азаматтарға” деген қағидатты берік ұстанады", – деп түйіндеді Олжас Бектенов.
Дегенмен Тоқаев МӘМС-тегі жағдайға байланысты қылмыстарды кім жапқанына қарамастан, барлық ұрлық-қарлықтың ішкі сырын толық әшкерелеуді талап етті.
"Денсаулық сақтау саласына келсек, бұл салада 30-дан астам бір-бірімен байланысы жоқ ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Өткен жылдар ішінде осы жүйелерді толыққанды интеграциялау жүзеге аспады, бұл бюджет қаражатын игеру барысында болған заңбұзушылықтардың негізгі себептерінің бірі. Профильді министрлердің көз алдында, әлеуметтік салада ауқымы шектен тыс, бұрын-соңды болмаған батылдықпен жасалған алаяқтық схемалар іске асқаны таңғаларлық. Бас прокуратура мен өзге де уәкілетті органдар қылмыстардың жасалған уақытына және оларды жапқан тұлғаларға қарамастан, барлық мән-жайды ашуға тиіс. Тергеу барысын өзім жеке бақылауға аламын", – деді президент.
Мемлекет басшысы үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені құруды аяқтауды тапсырды.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде абсолютті ашықтықты қамтамасыз ету қажет. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған есеп пен қолдан жасауға мүмкіндік беретін олқылықтар анықталды. Тағы да қайталаймын. Бас прокуратура мен тиісті құқық қорғау органдары барлық ұрлық фактілеріне қатысы бар адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуы керек. Білім беру саласында да түрлі алаяқтық пен заңсыз әрекеттердің кең таралғаны белгілі болды. Құқық бұзушылар міндетті түрде лайықты жазасын алуы тиіс. Үкіметке жыл соңына дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін толық цифрландыруды тапсырамын. Тек осы жағдайда ғана жұмыс процестерінің ашықтығы қамтамасыз етіліп, қаражаттың мақсатты пайдаланылуына кепілдік беріледі", – деді мемлекет басшысы.
- Маңғыстауда медициналық ұйымдар 600 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған
- 2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды
Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында (МӘМС) құжаттарды қолдан жасау, “қосып жазу” және ірі көлемде қаржы жымқыру деректері анықталғанын айтқан еді. Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, 2024-2025 жылдары денсаулық сақтау саласына 7,8 триллион теңге бөлінген.