Aitu мессенджері кімге тиесілі және ол Қазақстанда неліктен насихатталып жатыр
Фото: Stan.kz
Мемлекет басшысы Тоқаев елдегі IT саласына көңілі толмайтынын айтып, жеке деректермен байланысты ұлттық мессенджер Aitu-ға көшіруді тапсырды. Кейін мемлекеттік қызметкерлер 15 қыркүйекке дейін осы сервиске қосылуға міндеттелді. Осы орайда Aitu мессенджеріне қызметкерлерді қосу демократияны шектемей ме деген сауал туындайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін мемлекет басшысы ақпараттық жүйелердің осал тұстарына тоқталды. Президенттің сөзінше, жыл басынан бері деректердің қолды болуына байланысты 40-тан астам факті тіркелді.
"Ең ірі оқиға маусым айында болды. Мұндай инциденттердің басым бөлігі жеке секторда болады. Бірақ мемлекет еліміздегі цифрлық қауіпсіздіктің жалпы деңгейіне толық жауап беруге міндетті”, – деді президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстанда отандық Aitu мессенджері әзірленген. Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады. Сондықтан Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек, деді президент.
Осыдан кейін мемлекеттік қызметкерлер 15 қыркүйекке дейін Aitu ұлттық мессенджеріне көшуге міндеттелді. Дегенмен осы орайда Aitu мессенджеріне мәжбүрлеп көшіру мемлекеттік қызметкерлердің құқығын шектемей ме, деген сауал туындайды. Аталған сұраққа саясаттанушы Ғазиз Әбішев жауап берді.
Азаматтар басқа мессенджерлерді де еркін қолдана алады
Саясаттанушы әуелі Aitu мессенджеріне көшуге себеп болған жайттарды саралады.
“Мұның таңғаларлық ештеңесі жоқ. Мәселен, мемлекеттік органдар ресми хаттар мен құжаттарды жолдауды көп жылдан бері Бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жүзеге асырып келді. Жұмыс процесі мынадай: басшы мәтінді айтады, кеңесші оны жазып, соңғы нұсқасын бекітеді. Хатшы электронды қолтаңбамен құжатқа қол қойып, жібереді”, – дейді Әбішев.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, бұл бастама басқа мессенджерлердің қызметін шектемейді.
“Жауапты мемлекеттік орган өкілдері маңызды әңгімелерді ашық байланыс желілері емес, арнайы қорғалған телефондар арқылы талқылайды. Бейнеконференциялар да арнайы мемлекеттік байланыс жүйесімен өткізіледі. Енді Aitu енгізілсе бас мамандар мен басқарушылар жедел құжаттарды WhatsApp пен Telegram арқылы жіберуді тоқтатады. Ол мемлекеттік саясаттың бірыңғай жүйесіне сәйкес реттелген сервис арқылы жүзеге асады. Әрине, жауапты органдар қажет болған жағдайда хат алмасуларға қол жеткізе алады. Бұл бастама басқа мессенджерлердің қызметін шектеуді немесе тыйым салуды көздемейді”, – дейді Әбішев.
Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметкерлер WhatsApp, Telegram, Signal және өзгеде қосымшаларды бұрынғыдай қолдана беретінін айтты.
Aitu ұлттық мессенджері туралы не белгілі
Aitu – қазақстандық тегін жедел хабар алмасу сервисі. Ол пайдаланушыларға мәтіндік және дауыстық хабарламалар алмасуға, дауыс және бейнеқоңыраулар жасауға, суреттер, құжаттар, геолокация және басқа да деректер жіберуге мүмкіндік береді. Платформада көптеген ойын-сауық контенттері бар. Мәселен, танымал қазақстандық "Salem Social Media" студиясы Aitu-ға өз сериалдарын жүктеген.
Скрин: Aitu мобильді қосымшасынан
Aitu ұлттық мессенджері қосымшасы арқылы отандық фильм және мультфильмдерді қарап, өз еліміздің және шетелдік орындаушылардың әнін тыңдай аласыз. Сондай-ақ жаңалықтарды, әсіресе Ақорда ақпараттарын қарап, сөйлесу үшін чаттарға қосыла аласыз.
Бұл мессенджерді әзірлеуші – BTS Digital, 7 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан қазақстандық IT-компания. Aitu алғаш рет 2018 жылы іске қосылған. Ал 2022 жылы ол Қазақстандағы ең танымал мобильді қосымшалардың ондығына енді. Сервис кейіннен президент Тоқаевтың тапсырмасымен ұлттық мәртебеге ие болды.
Google Play деректеріне сәйкес, оны бір миллионнан астам адам жүктеп алған. App Store-да қосымшаға 10 мыңнан астам бағалау негізінде 5 балдың 4,4-і қойылған. Apple компаниясы iOS жүйесінде нақты жүктеу санын жарияламайды. Дегенмен қосымша iPhone-ның ескі iOS нұсқаларында қолжетімсіз.
Aitu ұлттық мессенджерінің иесі кім?
Aitu ұлттық мессенджерін әзірлеуші – BTS Digital. Ал оның директоры – Әбілғалиев Нұртай. Оның иесі – 2024 жылдың маусымында құрылған Phoenix Fund Limited Partnership серіктестігі. Бұл құрылымды бұған дейін "Астана халықаралық қаржы орталығы әкімшілігі" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған Ернұр Рысмағамбетов басқарған.
Өз кезегінде Phoenix Fund Limited серіктестігі "Қазақтелеком" АҚ, ERG Investments Projects B.V. және Digital Opportunities I Limited жеке компаниясына тиесілі. Нұртай Әбілғалиевтің басқаруындағы BTS Digital Aitu-дан басқа, eOtinish платформасын да әзірлеп шыққан. Сондай-ақ Dosmart кэшбэк қызметі, Aitu Passport авторизациясы және электрондық қолтаңба қызметі және Aitu Wallet төлем құралы сияқты өнімдерді де іске қосты.
BTS Digital қазынаға қомақты көлемде салық төлейді. Олар 2024 жылы – 798,4 миллион теңге, ал биыл – 517,1 миллион теңге төлеген.
Компания тұлғаны тану мен электрондық цифрлық қолтаңбаға лицензия беру қызметтерін ұсынып, мемлекеттік сатып алуларға екі рет қатысты. Екі жағдайда да тапсырыс беруші "KAP Technology" ЖШС болды.
Ұлттық мессенджерге көшу туралы хабарлаған алғашқы мемлекеттік органдардың бірі – Қазақстанның Қорғаныс министрлігі. Ведомство армияның Aitu платформасына кезең-кезеңімен ауысатынын және бұл үдерістің басталғанын хабарлады.

Екі қыз анасыз қалды: Атырауда ер адам әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді
