Мемлекеттік қызметкерлер 15 қыркүйекке дейін Aitu ұлттық мессенджеріне көшуге міндеттелді
Фото: Қорғаныс министрлігі
Мемлекеттік қызметкерлер 15 қыркүйекке дейін Aitu ұлттық мессенджеріне көшуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша цифрлық штаб отырысында айтылды.
Жиында AITU ұлттық мессенджерін кең ауқымда енгізу мәселесі қаралды. Оның пилоттық жұмысы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде көрсетілді, енді аталған қызмет мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының барлығына енгізіледі. Осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін мемлекеттік органдар қызметкерлерінің AITU ұлттық мессенджеріне көшуі тиіс.
Сонымен қатар, Smart Data Ukimet бойынша мемлекеттік деректерді біріктіру бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімдері анықталды. Жаңа хэштеу әдісін қолданатын интеграция биылғы 1 қыркүйегінде аяқталуы керек, ал барлық деректер осы жылдың 1 желтоқсанына дейін платформаға берілуі керек.
"Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуы тиіс деген мақсатты алға қойып отыр. Нақты міндеттер белгіленді. Бүгінгі таңда цифрлық штаб барлық мемлекеттік орган мен ұйымдар үшін міндетті шешімдер қабылдады. Нәтиже ақпараттық қауіпсіздікті жақсартуға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған", – деді премьер-министр Олжас Бектенов.
Еске салсақ, осыған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Aitu ұлттық мессенджеріне көшуді тапсырған еді.

"Желке сүйегін алып тастады": Астанада тұрғын үй кешенінің ауласында кішкентай қыздың үстіне футбол қақпасы құлаған
