"Мемлекеттік қызметке қатысты сынның басым бөлігі орынды": Тоқаев елдегі басқару жүйесі туралы сөз қозғады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту туралы айтты. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев қоғамда мемлекеттік аппарат жұмысына қатысты сын-пікірлер бар екенін айтады.
“Олардың басым көпшілігі орынды. Қазіргі таңда біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Негізгі міндет – жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру. Бұдан бөлек, аудан және ауыл әкімдерін сайладық. Облыстық мәслихаттарға сайлау аралас жүйе арқылы, ал аудан мәслихаттарына тек бір мандаттық қағидат бойынша өтеді. Алдағы жұмыс – ауқымды. Біраз уақыт қажет екені түсінікті”, – дейді Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беру керек дейді.
“Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. "Адал азамат" дегеніміз – осы. Соңғы кездері мен бірқатар кадрлық өзгерістер жасадым. Бұл ретте, ешқандай науқаншылдыққа, мемлекеттік қызметшілерді, жоғары лауазымды тұлғаларды жаппай қызметтен босатуға жол берілген жоқ. Ең алдымен, олардың іскерлік қабілеті мен тәжірибесі ескерілді. Сондай-ақ жас, білікті азаматтар бірқатар маңызды министрліктің тізгінін ұстады. Әрине, олардың тәжірибесі, соның ішінде өмірлік тәжірибесі аз екені сөзсіз. Бірақ, бұл – уақытқа байланысты мәселе. Бастысы, олардың бойында еліміздің жарқын болашағы үшін адал қызмет етуге қажетті білім, ерік-жігер бар”, – деп түсіндірді президент.