Мемлекеттік кірістер комитеті "салықтан жалтарған блогерлердің" тізіміне қатысты түсініктеме берді
Мемлекеттік кірістер комитеті “борышкер блогерлердің” тізімі мен олардың әлеуметтік желіде тараған болжамды кірісі туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Instagram.com/_m_a_d_l_e_n/syrymbek_tau/yelikbayev/dana_yesseyeva
Ведомствоның мәліметінше, желіде тараған тізім ресми құжат емес. Сондай-ақ оның жүргізіліп жатқан салықтық тексерулерге қатысы жоғын айтты.
“Әлеуметтік желіде тараған тізім салықтық бақылау жүргізетін мемлекеттік кірістер органының актісі емес”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін желіде салықтан жалтарған отандық блогерлер мен шоу-бизнес өкілдерінің тізімі пайда болған еді.
Еске салайық, былтыр 29 қазанда елімізде ресми тіркелген 745 блогер соңғы 9 айда мемлекетке 1,2 миллиард теңгеден астам салық төлегенін жаздық. Тізім Instagram, Youtube, TikTok-та 20 мыңнан астам жазылушысы бар жеке тұлғалардан құралған. Салық кодексіне сәйкес, блогерлердің, соның ішінде ақпараттық өнімдерді жарнамалаудан немесе ілгерілетуден түскен табыстарына салық салынады.