Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйлер адам шошырлық жағдайда": желіде 5 жыл бұрын тапсырылған үйдің видеосы тарады

Атрауда бес жыл бұрын салынған үйВидеодан скрин

Журналист Михаил Козачков Атырауда бес жыл мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйлердің адам шошырлық жағдайда екенін сөз етіп, сол үйлерді салған компанияларға шара қолданылмай жатқанына қынжылыс білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Журналист құрылыс компанияларының басшыларын әлдекімдер сот пен құқық қорғау органдарынан қорғап отырғанын айтады.

“Атыраудан шыққан жаңа видеоны көріп қалдым. 2020 жылы салынған жаңа үйдің кейпі адам шошырлық жағдайда екен. Сол сәтте ойыма Алматыдағы дәл сондай оқиға түсті. Ол кезде бұл аудан "Алғабас-6" деп аталған, қазір "Зерделі" деп аталады. Бұдан 10 жыл бұрын бұл жерде мемлекеттік бағдарлама бойынша 30 үй салынды, бірақ тұрғындар көшіп кіргеннен кейін оның екеуі қатты қисайып кетті. Барлық үйлерді ретке келтіру үшін тағы 7 жыл қажет болды. Бұл үшін құрылыс компаниясына қандай жаза қолданылғанын білесіз бе? Ештеңе болған жоқ. Қисық тоғыз қабатты үйлерді салған фирманың иелері әлі күнге дейін аман-есен, әрі одан сайын байып жатыр”, – дейді журналист.

Айтуынша,"Алғабас-6" шағын ауданындағы сұмдық 2016 жылдың жазында басталған. Тұрғындар "Қолжетімді баспана" бағдарламасымен салынған үйлердің бірінің көзге көрінерліктей қисайғанын байқап, құлап кетеді деп өз пәтерлерінен жаппай қашып шыққан. Алматының шетіне техника, түрлі қалалық қызметтер келіп, мамандар ғимараттарды тексеруге кіріскен.

“Көп ұзамай ақпарат расталды. Бір үй 32 сантиметрге қисайған, артынша дәл сондай жағдай екінші үйде байқалды. Кейін сарапшылар тағы 10 ғимаратқа іргетасты күшейту қажет екенін анықтады. Белгілі болғандай, бұл проблемалы көпқабатты үйлерді республикалық бюджет есебінен "Астана-Құрылыс" ҰСК" АҚ салған. Компания Болатқан мен Айжамал Сандыбаевтар отбасына тиесілі еді”, – дейді ол.

Журналисттің айтуынша, Болатқан Айтқожанұлы танымал адам, квазимемлекеттік секторда түрлі жоғары лауазым атқарған, Ахметжан Есімов қайда барса, соның артынан жүретіндердің бірі. Есімов Алматыны басқарған жылдары Сандыбаев түрлі әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу арқылы мемлекеттік қаржыны белсенді игерген. Кейін Есімовті Астанаға ЭКСПО-2017-ні құтқаруға жібергенде, Сандыбаев та сонда барып, "Астана ЭКСПО-2017" құрылыс дирекциясын басқарған.

Керек болмай қалған көрмені өткізіп алған соң Ахметжан Смағұлұлы "Самұрық-Қазына" қорын бпасқаруға келді, ал Болатқан Айтқожанұлы "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры" мекемесіне жайғасып, кейін "Samruk-Kazyna Construction" компаниясын тағы 3 жыл басқарды.

“Қаңтар оқиғасынан кейін "Ескі Қазақстанның" кейбір "ағашкалары" ықпалынан айырылғанда, Сандыбаев жұмыссыз қалды, артынан мемлекеттік ақша жымқыру бойынша қылмыстық іске ілінді. Бірақ тергеудің соңында Болатқан Айтқожанұлы түрмеге түскен жоқ. Қазір ол 65-те, бірақ әлі де бизнесін жүргізіп отыр”, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Михаил Козачковтың айтуынша, оның жұбайы Айжамал Сандыбаева да өте белсенді. "Алғабаста" алғашқы үйлер қисайғанда, құрылыс компаниясының жалғыз акционері болған. Бірақ бұл жағдай оған еш әсер етпеген, сот құжаттарына қарағанда, әйел қазір де миллиардтармен жұмыс істеп жүр.

Мысалы, жуырда Айжамал Жарасқызы Сандуғаш Жараспаева деген әйелмен соттасып, жеңіп шыққан. Жараспаева одан Таугүл ықшамауданынан 520 шаршы метрлік үй сатып алған. Тараптар алдымен 210 миллион теңгені төлеп, кейін сол соманың тағы 210 миллионын белгілі бір мерзім ішінде беру туралы келіскен.

Бірақ сатып алушы алғашқы бөлігін ғана төлей алған, сондықтан Сандыбаева қалған соманы өндіру үшін сотқа жүгінді. Сот шенеуніктің жұбайын толықтай дұрыс деп тауып, оған тағы 210 миллион төленуі керек деген шешім шығарды.

“Жағдайы жаман емес. Қазір сол ақшаны Жараспаева мен оның туыстарынан жеке сот орындаушы Үсен Уразымбетов өндіріп жатыр. Қорыта келгенде, біздің елде кейбір адамдарға не істесе де болады. Мемлекеттік ақшаға сапасыз үйлер салып, квазимемлекеттік секторда мансабын өсіріп, элиталық жылжымайтын мүлікті саудалап, сатып алушылармен және серіктестермен соттасуға болады. Сәттілік әрдайым олардың жағында”, – дейді журналист.

Мемлекеттің қоржынындағы миллиондар желге ұшып, сапасыз құрылыстан халық зардап шегіп қжатқанда құқық қорғау органдары қайда қарап отыр деген заңды сұрақ туындайды. Ескі Қазақстанның дәуірі өтті десек, жаңа Қазақстанда олар тайраңдап, заңды белшесінен басып жүруге тиіс екені айтпаса түсінікті. Дегенмен олардың дәуірі әлі жүріп тұрғанына қарағанда, артында аға-көкелері әлі бар секілді. Уақыт өтіп, шу басылды дегенмен, халықтың ақшасын шашып, заңды бұзуға ешкімнің қақы жоқ. Соңында сорлайтын халық қана, басына күн түспейтін әлгі шенділер байыған үстіне байып, шалқып өмір сүріп жатыр. 

Рая Мінәп
Сәрсенбі, 26 Қараша, 2025 11:32
Талқылау