Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны жұртты алаңдатады – Президент
Фото: видеодан скрин
Мемлекет басшысы үкіметке су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау міндетін жүктеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің айтуынша, осы орайда су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет.
"Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстіртін қарамау керек. Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет. Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау керек, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет", – деді президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ.
"Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетіп жатыр. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс. Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Сондай-ақ каналдардың, су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйі жөніндегі ақпарат болады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес", – деді президент.
Айтуынша, су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы баяу жүруде, нақты нәтиже әлі жоқ.
“Бұл жұмысқа белгілі шетелдік компанияларды тартқан жөн. Сондай-ақ Қытайда жасалған әлемдегі ең озық технологияларды сатып алуға болады. Су тапшылығына байланысты қиындық болуы мүмкін екені алдын ала ескертіліп жатады. Соған қарамастан диқандар суды көп қажет ететін дақыл егуді азайтар емес. Тіпті егін суаруға қажет суды еш рұқсатсыз, шартсыз бұрып алатын жайттар жиі кездеседі. Тағы бір келеңсіз жағдай, бұл – "қара нарықтағы" суды заңсыз сату я сатып алу. Құқық қорғау мекемелері бұл мәселемен айналысуы қажет”, – деді ол.
Президент Аралға қатысты жақсы мысал келтіріп, Каспиді де сөз етті.
“Әрине, теңіздің тартылуы Қазақстан үшін үлкен қасірет болды. Бірақ одан қорытынды жасалып, теңізді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл кешенді жұмыс 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жалғасуда. Соның арқасында Солтүстік Аралды сақтап қалдық. Оның айдыны 36% ұлғайып, су көлемі екі есе өсті. Су құрамындағы тұздың мөлшері екі есе азайды. Бірақ Аралды толтыру жұмыстары қарқынды жалғаса беруге тиіс.
Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны жұртты алаңдатып отыр. Тиісті шара қолданбасақ, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін. Сол себепті мен жақында Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында осы маңызды мәселеге арнайы тоқталдым, Ұйым аясында Су мәселелері жөніндегі кеңес құру туралы ұсыныс айттым.
Каспий теңізі – бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе. Сондықтан жұмылып әрекет ету қажет. Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуы керек. Оны серіктес мемлекеттермен келісу қажет. Бұл құжат Каспий маңындағы елдердің үйлесімді әрі жедел әрекет етуіне арқау болуға тиіс”, – деді президент.
Президенттің айтуынша, бүгін біз су мәселесі бойынша дұрыс және орынды шешім тапсақ, ертең соның игілігін кейінгі ұрпақ көреді.
“Балаларымыз бен немерелеріміздің тағдыры біздің әрекетімізге тікелей байланысты болмақ. Біз – өз болашағымызға өзіміз жауаптымыз. Суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – институциялық және технологиялық шешімдерден, тіпті, осы бағытта бөлінетін қаражаттан да маңызды іс", – деді мемлекет басшысы.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
