Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түнде, жаңбырда және арнайы орындықсыз алып жүруге болмайды: Қазақстанда балаларды автобуспен тасымалдау ережелері жарияланды

Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өңірлерге арнайы алгоритм жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: avtobus1.ru

Балаларды тасымалдау тәртібінде сапардың ұзақтығы 4 сағаттан аспауға тиіс. Тасымалданатын балалардың жасы жеті жастан кем болмауы қажет және автобустарда алдыңғы және артқы жағында "Балалар" белгісі орнатылуы керек.

"Сонымен қатар жолаушылардың жалпы саны отыруға арналған орындар санынан аспайды. Балаларды отырғызу және түсіру орындарын білім беру ұйымы жергілікті билікпен бірлесіп айқындайды. 12 жасқа дейінгі балалар тек арнайы балаларды ұстау құрылғылары немесе баланы қауіпсіздік белдіктерімен бекітуге мүмкіндік беретін басқа құралдар пайдаланыла отырып тасымалдануға тиіс", – делінген министрлік хабарламасында.

Жүргізуші:

  • Жылдамдықты 60 км/сағ асырмауға тиіс;
  • Бекітілген маршрутты қатаң сақтауға міндетті;
  • Салонда балалардың қол жүгі мен жеке заттарынан басқа артық жүкті тасымалдамауы керек;
  • Отырғызу және түсіру сәттерін қоса алғанда, балалар бар кезде автобустың салонын тастап шықпауы қажет;
  • Калоннадағы өзге көлікті басып озуға тыйым салынады;
  • Автобустың өздігінен қозғалуының немесе басқа адамның көлікті пайдалануының алдын алмай өз орнын тастамауы немесе автобустан шықпауға тиіс.

Балаларды тасымалдауға рұқсат етіледі:

  • кемінде 25 жастағы, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі және жүргізуші ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар тұлғаға;
  • автобус жүргізушісі ретінде соңғы үш жылдан кем емес үздіксіз жұмыс өтілі бар тұлғаға;
  • соңғы жыл ішінде еңбек тәртібін және Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзбаған жүргізушіге;
  • сыйымдылығы 41 орыннан асатын автобустармен, сондай ақ кез-келген қалааралық балаларды тасымалдауға автобустарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар жүргізушілерге.

Балаларды тасымалдау тәртібі:

  • Автобусты күтіп тұрған балалар үшін бөлінетін алаңдар жолаушыларды тұрақты тасымалдау маршруттарының аялдамаларынан бөлек, абаттандырылған және жол үстінде орналаспауға тиіс
  • Сапар алдында балаларды тізім бойынша тексеру;
  • Балаларды сапар маршруты, қауіпсіздік шаралары мен мінез-құлық ережелері, жетекшінің және басқа да жауаптылардың ұялы телефон нөмірлері туралы хабардар ету;
  • Балаларды тасымалдау кезінде медициналық қызметкердің сүйемелдеуі қамтамасыз етіледі;
  • Балаларды сағат 22.00-ден 06.00-ге дейінгі кезеңде, сондай-ақ көру мүмкіндігі жеткіліксіз жағдайларда (тұман, қар, жаңбыр) тасымалдауға жол берілмейді).

“Білім беру ұйымы басшылары балаларды тасымалдауды ұйымдастыру туралы бұйрық шығарады. Талаптарға сәйкес жабдықталған автобустармен, шағын автобустармен тасымалдауды ұйымдастырады. Балаларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау туралы жауапты тұлғаға нұсқама жүргізеді. Жүргізушіге рейс алдындағы медициналық куәландыруды жүргізеді және автобусты тексеру актісін жасайды", – деді министрлік.



Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрлігі мектеп оқушыларының күзгі демалысқа қай уақыт аралығында шығатынын мәлімдеді. Сонымен қатар 7 күндік демалыста бос уақытты тиімді өткізуге ұсыныстар айтты. 

Талқылау