"Мегаполис үшін үлкен мәселе": Қоғамдық көлікпен жүрген Алматы әкімі автобусты 30 минут күткенін айтты
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу барысында қоғамдық көлікпен жүргенін айтты. Бірақ автобусты жарты сағат күткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алмалы ауданының тұрғындарымен кездескен қала басшысы қоғамдық көлікке қатысты негізгі мәселені атады.
"Жақында қоғамдық көлікпен төменнен жоғары қарай жүргім келді. №32 автобусты 30 минут күттім,себебі сол күні 4 автобус өз бағыты бойынша шықпаған. Бұл – мегаполис үшін үлкен мәселе. Сондықтан жақында 300 автобус пен 100 троллейбус сатып аламыз. Сонымен қатар BRT желісін де ретке келтіруге уәде беремін", – деді қала басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Ерболат Досаев жарық мәселесіне қатысты тұрғындар сауалына жауап беріп, өзінің пәтерінде де жарықтың жиі сөнетінін мәлімдеген.
“Менің үйімде де жарық өшіп қалады. Мен пәтерде тұрамын. Бізде де күніне бірнеше рет жарық өшіріліп жатады. Білетінім, мәселе "Алатау жарық” компаниясындағы желілердің жағдайына байланысты”, – деді Досаев.