"Медицинада жүріп 200 мың теңге алу - нағыз қара жұмыстың белгісі": Тәуелсіздік алғалы елден 5 миллионнан аса азамат көшіп кеткен
Қазақстаннан 32 жылда 5 миллионнан аса азамат көшіп кеткен. Кейінгі он жылдың ішінде 350 мың азаматымыз жайлы тұрмыс үшін мұхит асыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ашық алаң” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: www.cbc.ca
Шетелге көшу, еңбек миграциясы, ақыл-ой көші сынды әлеуметтік құбылыстардың тәуекелі бар ма? Шетелге оқуға кетіп жатқан жастарымыз елге оралып жүр ме? Дамыған елдерде қара жұмыс істеу қаншалықты қауіпті?
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, біздің экономикамызға жаңашыл ойлай алатын, стартап жобаларды жасайтын мамандар қажет.
"30 жылда экономикамызды бір қалыпқа түсіретін кезде интеллектуалды кадрлардың кетіп қалуы өкінішті. Біздің экономикамызға жаңашыл ойлай алатын, стартап жобаларды жасайтын мамандардың қажеттілігі өте жоғары. Орта Азия елдерінің ішінде қазақтың білімді адамдарына деген сұраныс жоғары. Қаражаттың 40%-ы әлеуметтік салаға бағытталған. Салықтық түсімдерді көтере алмай жатқанда соны көтеретін кәсіпкерлік. Осы істі қолға алатын шетелге көшіп кеткен 20-40 жастағы интеллектуалды адамдар", – деді экономист Бауыржан Ысқақов.
Ал саясаттанушы Қарғаш Жанпейісованың сөзінше, шетелде оқып жатқан студенттердің 70-80%-ы елге қайта оралуға ойланады екен.
"Университетте зерттеу жүргіздік. Шетелде 17 елде оқып жатқан студенттерге сауалнама жүргізіп көрдік. Сол студенттердің 70-80%-ы қайтып келуге ойланады екен. Себебі оларды осы жаққа келгенде жалақы мәселесі толғандырады екен. Екінші мәселес, инженер, физик, биотехнолог деген мамандар үшін жұмыс орындары табыла ма деген. Олардың қайта келеді деп қарап отыра беруге болмайды. Еңбек нарығында қамтамасы ететін қызмет орындары, ғылым салалары дамуы керек. Бұл Қазақстан үшін ғана емес, Қытай, Үндістан елдері үшін де маңызды мәселеге айналды. Алайда олар білімді жастарды жұмыспен қамтитын үлкен жобаларды қолға алып, жұмыспен қамтып отыр. Ал біздің дайын мамандарды жоғалтуымыз ұлттық дамуымызға кедергі болады", – деді саясаттанушы Қарғаш Жанпейісова.
Кәсіпкерлік білім саласының маманы Мақсұтбек Айтмағанбеттің айтуынша, қазақтардың шетелге барып жұмыс істеуінен қорқып қажеті жоқ. Себебі бұл жаһандық үрдіс. Барлық елдің азаматтары осы тәжірибеден өтіп жатқан көрінеді.
"Инженерия, технология саласының мамандары Қазақстанда 1000 доллар алып жүріп, шетелде 10 мың доллар алатын болса, неге ол жаққа барып жұмыс істемеске. Ешқандай мәселе жоқ. Қытай, Сингапур, АҚШ, Англия, Еуропа да солай жасап жатыр. Одан кейін қара жұмыс жасайтындар Қазақстанда жүріп 100 мың теңгені әрең тауып жүр. Шетелге барып 3-4 мың еуро тауып жатыр. Университетте, медицина саласында жүріп 200-ақ мың теңге алып отыр. Міне соны қара жұмыс деп айтуға болады. Мұнда қорқатын нәрсе, біз Қазақстанда оқытып, тоқытып дайындаған адамды шетелге жібере салдық. Неге? Өйткені біз техникалық орындар, ғылыми орталықтар салмадық.
Сондықтан Қазақстан сырттан инфраструктураларды әкеліп жатыр. Міне соларды дамытуымыз керек. Біздің мамандарға жағдай жасауымыз керек. Қазақстанға 2 миллион еңбек мигранттары келген. Сондықтан мұны әлемдік үрдіс деп қабылдауға болады", – деді кәсіпкерлік білім саласының маманы Мақсұтбек Айтмағанбет.
Британияда фирмалардың бірінде жұмыс істеген Нияз Сағындықов, өзге елде 5 ай жұмыс істеп, жақсы табыс тауып келгенін айтты.
“Негізгі айлық 600 мыңнан 900 жүз мыңға дейін. Ал менің айлығым айына 800-900 мыңның маңайы ғой. Көбіне елде жастар жекеменшік жерлерде жұмыс істейді. Әркімде әрқалай мақсат деп ойлаймын. Мен өз жұмысыма қарай шетелде жұмыс істеп келдім. Ол жақта салықты әр айлықтан ұстап отырады. Кіруге салық төледім. Айлықтан жұма сайын 15%-20% ұстап тұрады", – деді Нияз Сағындықов.
Кәсіпкерлік білім саласының маманы Мақсұтбек Айтмағанбеттің сөзінше, көбі салық мәселесін ойланбастан шетелге көшіп кетеді. Онда барғаннан кейін айлықтан 40%-дай салыққа ұстап қалады дейді.
"Тұратын жеріңіз, медициналық сақтандыруыңыз бар. Бәрін санап көрсеңіздер үлкен қаражат. Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Оған қарағанда өз елімізде өмір сүрген жеңіл. Шетелге барып келгендер ондай тұстарын айтпайды. Бізде аймақтарды дамыту керек. Бизнесті дамытып, мектептер, университеттер салу керек. Баяғы Кеңес одағының қателігін жасап жатырмыз. Бір Москва мен Ленинградты дамыттық. Қалған өңірлер қалып қойды. Сондықтан өңірлерді дамытуымыз керек", – деді кәсіпкерлік білім саласының маманы Мақсұтбек Айтмағанбет.
Нәтижесінде, интеллектуалы жоғары мамандарды елде ұстап қалу үшін қажеті жоғары жалақы мен жайлы жұмыс орны дейді маман.