Медеу Арынбаев бірнеше жылдан бері үйленбей жүруінің сырын ашты
“Жалғыздық құдайға ғана жарасқан”. Бұл сөзді жиі еститін əнші Stan.kz тілшісіне үйленбеуінің басты себебін айтты. Медеу Арынбаев жақында ғана анасынан айырылып қалды. Ер жеткен ұлы мен 10-шы сыныпқа көшкен ұлын қазір жалғыз тәрбиелеп жатыр.
-Медеу аға, қаліңіз қалай? Шығармашылық жаңалықтардан бастасақ…
– Жағдайым шүкір, жақсымын. Жаңа əндер жазылып, өмірге деген көзқарас өзгеруде. Бұған дейін əндерімде мұң мен қайғы, сағыныш пен жабығу болса, қазір позитивті бағытта бағымды сынап жүрмін.Жаңа әндерім жақын күндері тыңдарманға жол тартқалы тұр.
– Анаңыздың арты қайырлы болсын. Тумақ бар да, өлмек бар екенін білсек те анаңызбен қоштасу оңай болмаған шығар…
– Ол рас. Ауыр соққы болды. Жарым Айгүл өмірден өткен соң анам бірден қолыма келіп тұрды. Жарымның жоқтығын сездірмей, үйімізге жарық сəуледей болды. Мен анам қолыма келген сəттен бастап сəби қалпыма ендім. Ұл -қызым апалары арқылы жандарына жұбаныш тапқан еді. Өкінішті.. Бірақ, тағдырдың ісіне шарамыз жоқ. Анамыз үшін де, асыл жарым үшін де дұға етіп, Құран оқып, жəннаттан орын тілейміз.
– Əмин. Ескі жараны қазбалады демеңіз алайда келесі сауал марқұм жарыңызға тікелей қатысты болмақ. Дүниеден өткеніне алты жылдай уақыт болыпты. Қайта үйлену ойыңызға келмеді ме?
– Бұл сұрақ менің зығырымды шығарды десем де болады. Тума – туыс, дос -жаран, тіпті жай ғана бүгін танысқан дастархандастың айтатыны “жалғыздық құдайға жарасқан. Үйлену керек. Қашан үйленесің?” деген əңгіме. Үйлену үлкен жауапкершілік.
Үстіртін қарауға болмайды. Үйлендің бе, еркектік уəдеңде тұрып, жартыңның бақыты үшін күресу деген сөз. Шынымды айтсам, бұрыннан мінезім ауыр. Менің мінезіме тек марқұм жарым ғана шыдайтын. Ол кісі өмірден өткен соң тағдырдың тосқауылдарына төтеп берем деп біраз жүйкемнің жұқарғанын да жасырмаймын.
Сондықтан, мінезіме шыдайтын адамды кездестірмедім. Алты жылда ешкімді ұнатпадым десем ешкім сенбес. Əрине, көз бен көңілге ұнаған арулар болды. Бірақ мінездеріміз келіспеді. Сөзіміз жараспады.
Оның үстіне көздері мөлдіреп қалған ұл – қызымның ертеңін ойладым. Егер оларға бөгде біреу “əй” деп шекесінен шертетін болса, ешқашан кешірмес едім. Сондықтан, өзімді ойлап өзгелердің бақыттарына кедергі болғым келмеді.
– Алайда, қазір ұл-қызыңыз өсіп, ер жетіп, бой жетті. Екінші рет үйленуіңізге қарсы емес шығар?
– Иə, қазір ұлым мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына тапсырып жатыр. Ал, қызым 10-шы сыныпқа табан тіреді. 2-3 жылда “əке, мен үйленемін” дейтін жасқа жетеді. Əрине, үйде кез-келген тақырыпта сөйлесеміз. Ақылдасамыз.
Бірақ, мен үшін əлі кішкентай. Сондықтан, үйлену туралы аса ауқымды тақырып қозғадым деп айта алмаймын. Əрине, егер ойымдағы адамды кездестірсем балаларым түсініп, қолдайды деп сенемін. Шыны керек, бұған дейін үйде анам жанымда болған кезде бəрі дайын.
Бəрі орында еді. Анамыз дүниеден өткелі бері үйде əйел адамның жетіспейтіні байқалып жүр. Əрине, үйге əйел керек деп үйлене салу ойымда жоқ. Егер ұнатып, көңілім қалап жатса неге үйленбеске… Бірақ, ол уақыттың еншісінде.
– Ендеше, аға уақытыңызды бөліп сырласқаныңызға рахмет. Болашақта сүйінші жаңалықтарыңыз болса, оқырманмен бірінші бөлісесіз деп сенеміз. Алла отбасыңызға бақыт пен береке нəсіп етсін.
Оқи отырыңыз:
Қытайда әділетсіз жеңілген қазақ боксшысының жанкүйерлері шу шығарды
Белгілі комментатор “Селтиктен” ұтылған “Астана” ойыншыларының жіберген кемшілігін атады
Қуат Найман “Астананың” жеңілісінен соң Қазақстанда футболға тыйым салуды ұсынды
Серік Қонақбаев Қанат Ислам мен Головкиннің алдағы айқастарына болжам жасады